Жеделсаты өлімге жеткізді

Денсаулығын оңалтам деп барғанда о дүниеге аттанды. Қарағандыдағы жеке-меншік оңалту орталықтарының бірінде 74 жастағы қария лифтіден құлап бақилық болды. Лифт шахтасына құлаған қариямен бірге медбике де зардап шеккен.

1948 жылы туылған ер адам ем алып денсаулығын оңалту үшін медицина орталығына жатқан. Алайда науқас ол орталықтан сауығып шықпады, медициналық мекемеден оның мүрдесі шықты. Қайғылы жайтқа жеделсатыдағы жағдай жеткізген. 74 жастағы науқас пен 25 жастағы медбике екінші қабаттан бірінші қабатқа лифт шақырған. Олар ашылған есікке кіргенде, шахтада кабина болмаған. Медбике мен науқас бірінші қабаттан жертөлеге құлап кеткен. Салдарынан екеуі де ауыр халге түскен. Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, «Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың қабылдау бөліміне екі науқас жеткізілді. Ер адам мен әйел адам реанимация бөліміне жатқызылды. Ер адамға шұғыл түрде ота жасалды, алайда барлық іс-шараларға қарамастан науқас қайтыс болды». Марқұмның арбаға таңылған жан екені және оңалту орталығында денсаулығын қалпына келтіру үшін ем алғаны белгілі болды.

Қарағанды облысы ПД ресми өкілі Жансая Жүнісова мәлімдегендей, аталған факт бойынша ҚР ҚКның 156-бабы бойынша және 306-баптың 3-тармағы бойынша қылмыстық істер тіркелген. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның мәнжайы анықталу үстінде.

Бірінші қылмыстық іс («Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабы) бойынша, абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекет үшін белгілі бір лауазымдық міндетті атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге тыйым салынады немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Екінші қылмыстық іс («Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарлар шығару немесе сату, жұмыстар орындау не қызметтер көрсету» бабы) бойынша, төрт жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Әзірге құзырлы орган адам өліміне соқтырған оқиғаның басты айыптыларын осы екі бап бойынша анықтауға кірісті. Ал қаза болған қариямен бірге болған медбике ауруханада. Оның жағдайы орташа ауырлық дәрежеде деп бағалануда. «Өміріне төнген қауіп жоқ. Қажетті емді толық көлемде алуда», — деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасынан.