Жеңіс Қасымбек қаза болған сарбаздардың отбасына көңіл айтты
Содырлардың қолынан қаза тапқандар арасында әскер қатарына Қарағанды облысынан шақырылған Ұлттық гвардияның екі әскери қызметкері болды. Жедел қызметтің қатардағы жауынгері Мадияр Қайсаров пен гвардияшы Айбат Аманов Талдықорған және Қызылорда қалаларында бейбіт тұрғындарды қорғау және тәртіп орнату бойынша әскери қызметтерін орындаған болатын.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қаза болғандардың отбасына қайғыра көңіл айтты және оларға барынша көмек көрсетуді тапсырды.
– Екі сарбаз да – жас жігіт. Олар тәртіп бұзушылар тарапынан туындаған қауіптен қорықпастан бейбіт тұрғындарды қорғау және тәртіп орнату бойынша әскери-қызметтік тапсырманы қайсарлықпен орындады. Бұл жігіттер – ерлік танытқан нағыз батыр, – деді өңір басшысы.