Жеңімпаз ардагер
Бішкекте пауэрлифтингтен ардагерлер арасында өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Рашид Бариев кезекті жеңісімен көзге түсті.
Ардагерлер арасында пауэрлифтингтен әлемнің үш дүркін абсолютті чемпионы, 65 жастағы Рашид Бариев спортпен шұғылданудың адам денсаулығы мен көңіл-күйіне зор пайдасы бар деп санайды. Майқұдық тұрғыны өзінің спорттық жолында көптеген белесті бағындырған: жеті әлемдік рекорд пен екі Азия рекорды оның үлкен жетістіктерінің бір бөлшегі ғана. Соңғы жарысынан ол 3 алтын медаль мен қомақты жүлделі белбеуді иеленіп, елге абыроймен оралды.
– Спортпен шұғылданыңыз. Жүгіру болсын, теннис немесе штанга көтеру болсын, дені сау болу өте маңызды. Спорт – денсаулық кепілі, – дейді пауэрлифтер Рашид Бариев.
Өткен жарысқа әлемнің 8 елінен 800-ге жуық спортшы қатысып, бәсекелестік жоғары деңгейде болды. Рашид Бариев та жеңіске жету үшін бар күшін салып дайындалғанын атап өтті. Алдағы уақытта жеңіл атлетика манежінде өтетін республикалық чемпионатта өнер көрсетуді жоспарлап отыр.
– Бұл жолы жарысқа 800 спортшы қатысты. Бәсекелестік өте жоғары болды, жеңіске жету оңай болған жоқ. Өз нәтижеме ризамын. Үш аптадан кейін республикалық чемпионат болады, онда да сәтті өнер көрсетуге тырысамын, – дейді спортшы.
Жоғары нәтижеге жету үшін Рашид Бариев күн сайын жаттығу жасайды. Ол өз үйінің жертөлесінде арнайы жаттығу орнын жасақтап, пауэрлифтингтегі шеберлігін жетілдіруде. Қарағандының жеті дүркін чемпионы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы, сегіз дүркін Азия чемпионы, Еуразия және Еуропа чемпионы, төрт дүркін әлем чемпионы ретінде Рашид Бариевтің еңбегі мен жетістіктері зор. Дегенмен, спорттық нәтижелеріне қарамастан, ол жергілікті әкімдік пен спорт саласының қолдауын жеткілікті дәрежеде сезінбейтінін айтады.
– Әкімдік пен спорт қызметкерлері бізді, әуесқой пауэрлифтингшілерді моральдық және материалдық жағынан мойындаса деймін. Біз де халықаралық жарыстарда Отанымыздың туын биік көтеріп, әнұранымызды шырқатып келеміз. Майқұдықтың даңқын асырып, алтын медальдармен елге оралудамыз, – деп атап өтті Рашид Бариев.
Рашид Бариев спортпен шұғылданудың мәртебесі жоғары әрі пайдалы іс екенін өз үлгісімен дәлелдей отырып, жастарға үлгі болуды жалғастыруда. Спортқа құмар әрбір адам үшін ол – табандылық пен еңбекқорлықтың нағыз үлгісі.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ,
«QH»