Жеңімпазға құрмет

Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында әлем чемпиондарына сый-құрмет көрсетіліп, марапат ұсынылды. Осыған дейін өткен 4 чемпионатта өңіріміздің спортшылары ел намысын қорғап, жүлде қоржының медальдармен толықтырды.

12 жастағы Евангелина Молодушкина әзірге жеткіншек болса да бірқатар жетістігімен озық тұр. Үздік оқушы, екі дүркін әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы және бес дүркін Қазақстан чемпионы атанған. Жас спортшы биді немесе мәнерлеп сырғанауды емес, жекпе-жек спорт түрін таңдады. Ол каратэмен айналысады. «Бұл спортқа бала кезімнен құмармын, бір сәтке де өкінген емеспін», – дейді чемпион. Ал №35 мектепте тарих пәнінің мұғалімі Еркебұлан Алтынбеков 21 мен 25 қараша күндері ММА дан әлем чемпионатына қатысып қола жүлдемен оралды.

– Әлем чемпионатына қатыстым, сол жарыста үшінші орын алдым. Чемпионат жоғарғы деңгейде өткізілді. Жарыс маған ұнады, әлемнің 36 мемлекетінен кіл мықтылар қатысты. Спортқа 6 жастан бастап қатыстым, қазір 37 келсем де жарыстарға қатысып тұрамын, – дейді ММА-дан Әлем чемпионатының жүлдегері Еркебұлан Алтынбеков.

Бұл күні Қарағанды ​​облысында жекпе-жектен төрт әлем чемпионатының – каратэ, джиу-джитсу және аралас жекпе-жек (ММА) екі түрі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ерекше ілтипатпен сый құрмет көрсетіп, марапатта ұсынды. Спортшыларымыз жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, спорт түрінен 19 медаль алып, өңірдің абыройын әлемдік аренада асқақтатты. Жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды құттықтауға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қатысты. Спорттағы мұндай жетістіктер ерекше қуаныш және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуде аянбай еңбек еткендерді де ұмытпау керегін айтып, құттықтау лебізін жолдады.

– Шын жүректен сіздерді құттықтаймын, осындай чемпиондарымыз көп болсын. Қарағанды қаласы өркендей берсін, Қазақстанның туын үлкен жарыстарда желбірете беріңіздер, – деді Қарағанды ​​облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев.

Жүлдеге барлығы 20 спортшы ұсынылды. Жетістіктері үшін олар дене шынықтыру және спорт бөлімінің грамоталарымен марапатталды. Соңында қатысушылар естелік суретке түсті.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,                                     

«QH»