Жеңіл өнеркәсіпке қолдау: мемлекет пен бизнес арасындағы жаңа келісім
Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпті дамытуға арналған бес жылдық кешенді жоспар әзірленді. Құжат өңдеуші кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер беруді, шикізат пен өнім өткізу нарығына қолдау көрсетуді және мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруді көздейді. Алайда мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындар да өз кезегінде жұмысшылардың жалақысын көтеріп, өндіріс көлемін ұлғайтып, өнімнің отандық үлесін арттыруға міндетті болады.
«Мемлекет тарапынан мемлекеттік қолдаудың барлық ынталандырушы тетіктері қамтамасыз етіледі, ал кәсіпорындар өз тарапынан жұмыс күшімен қамтамасыз ету, сондай-ақ өнімнің отандық үлесін арттыру бағытында қарсы міндеттемелерді орындауы тиіс. Жалпы, бұл шаралар аясында салықтық алымдардан босату жоспарлануда, бірақ бүгінгі таңда бұл мәселелер әлі талқыланып, келісіліп жатыр», – дейді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің Жеңіл өнеркәсіп басқармасының бас сарапшысы Ерболат Боранбай.
Дегенмен, сала өкілдері ұсынылған бастамаларға сақтықпен қарап отыр. Кәсіпкерлердің айтуынша, қазіргі салықтық жүктеме, жоғары пайыздық несиелер және мемлекеттік сатып алудағы алдын ала төлемнің жоқтығы өндірісті кеңейтуге мүмкіндік бермейді.
«Маржасы 15 пайыздан аспайтын жерде нөл пайыз алдын ала төлем болса, ал банктер несиені 28,7 пайызбен берсе, бұл әрине, шығынды іс. Егер өндірісті кеңейтіп, қуаттылықты арттырсақ, бұл міндетті түрде пайда әкеледі деген сөз емес. Ашығын айтсақ, жеңіл өнеркәсіп қазір тізерлеп тұр», – дейді тігін фабрикасының директоры Динара Бексұлтанова.
Салалық қауымдастық өкілдері де мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі демпинг мәселесін көтеріп отыр. Олардың пікірінше, кейбір компаниялар бағаны негізсіз төмендетіп, адал өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін әлсіретуде.
«Қалыпты, нақты өндіруші ешқашан мұндай орасан зор демпинг жасамайды. Егер келісімшарттар ұзақ мерзімге жасалып, бағалар инфляция деңгейіне сай индекстелсе, онда кәсіпкерлер де белгілі бір міндеттемелерді мойнына алуға дайын болар еді. Бірақ қазір бизнес бәрін алдын ала есептеуге мәжбүр, өйткені бұл – оның жеке тәуекелі», – дейді «QazTextileIndustry» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының ұлттық бірлестігі басқармасының төрайымы Гүлмира Уахитова.
Сарапшылардың пікірінше, үкіметтің жаңа жоспары отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға тың серпін беруі мүмкін. Алайда бұл үшін мемлекеттік қолдау шаралары мен бизнестің нақты мүмкіндіктері арасында теңгерім сақталып, кәсіпкерлердің ұсыныстары да ескерілуі қажет. Сонда ғана мемлекет пен бизнес арасындағы жаңа келісім салаға нақты нәтиже әкелмек.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

