Жауапты қызметтер су тасқыны кезеңінің басталуына дайындалуда
Қарағанды облысының барлық жауапты қызметі көктемгі су тасқыны кезеңіне белсенді дайындалуда. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы алғанда, аймақта 180-ге жуық алдын алу шаралары жүзеге асырылды. 65 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктер нығайтылып, 26 шақырым дренаж және су бұру жүйелері тазартылды. Сондай-ақ, 18 шақырымнан астам өзен арналарына санитарлық жұмыстар жүргізіліп, автожолдардың 75 учаскесінде су өткізу қабілеті арттырылды. Қажетті жанар-жағармай, инертті материалдар, қаптар және азық-түлік қоры жасақталды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен жиында жауапты ведомстволардың өкілдері мен қала, аудан әкімдері су тасқынына дайындық бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
– 1 наурыздан бастап азаматтық қорғау күштері мен құралдары жоғары дайындық деңгейіне көшеді. Бұл жұмыстарға 4 125 адам мен 1 754 бірлік техника жұмылдырылады, – деді Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Марғұлан Аманбаев.
Қазіргі уақытта жағдай тұрақты. Облыстың өзендері қысқы режимде, ал қар жамылғысы толығымен сақталған. Судың арнасынан асу қаупін азайту үшін Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан санитарлық ағызу жүргізілуде.
«Қазгидромет» мәліметтеріне сүйенсек, Нұра өзеніндегі қардағы су қоры нормадан асып түскен, ал Шерубай-Нұра мен Тоқырауын өзендері бойынша көрсеткіштер қалыпты деңгейде. Топырақтың қату тереңдігі өткен жылға қарағанда аз, бұл су басу қаупін төмендетеді.
– Біз кез келген жағдайға толық дайын болуымыз қажет. Барлық ықтимал тәуекел жан-жақты қарастырылып, алдын алу шаралары нақты орындалуы тиіс, – деп атап өтті өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Айта кетейік, облыста су тасқыны кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қызмет нақты үйлестірілген жұмыс істеуге бағытталған.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»