«Жасыл ел» жасағының XVII еңбек маусымы аяқталды

Елімізде биыл «Жасыл ел» жасағының ХVII еңбек маусымы аяқталды. 27 тамыз күні «Жеңіс» саябағында Қарағанды өңірі бойынша «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының жабылу салтанаты өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Конституция күні мерекесіне орай ұйымдастырылды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоршаған ортаны көгалдандыру, табиғатты қорғау, жастарды жұмыспен қамту мақсатында 2005 жылы «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасын енгізген болатын. Осы еңбек маусымында сарбаздар құрамына оқушылар, студенттер және жұмыссыз жастар барынша жұмылдырылған. Жастар бос уақытын тиімді өткізе отырып, өзінің отансүйгіштік қасиетімен еліне қызмет етіп, қоғамдық маңызы бар игі істерге өз үлестерін қоса білді.

Іс-шараға Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Бикенов, Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы директоры міндетін атқарушы Талғат Смайылов, Қарағанды қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Аймағамбетов қатысты.

Салтанатты шара барысында осы маусымда белсенділігімен көзге түскен жастар арнайы алғыс хатпен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

— 2005 жылғы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауынан кейін «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары бағдарламасы Республиканың барлық өңірінде жүзеге аса бастады. «Жасыл ел» бастамасы – терең өмірлік мәні мен маңызы бар дүние! Жыл сайын осы бағдарламаны іске асыруға қала жастары мен студенттері, мектеп оқушылары белсенді атсалысады.

«Жасыл ел» жастар еңбек ж а с а қ т а р ы н ы ң бүгін –ХVII еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті. 2021 жылғы көктемде бастау алып, 320 бала жұмысқа орн а л а с т ы р ы л ы п , жазғы уақыттарын тиімді пайдаланып, қызметтерін аяқтады. Жылдан жылға жастар арасында танымал және сұранысқа ие болып келе жатқан осы жоба аясында, бірінші кезекте әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларын жұмысқа орналастыруға тырысамыз. Жастары мыз жас ерекшелігіне қарай, мектеп ауласы, саябақ пен алаңдарда еңбек етті, – дейді Қарағанды қаласы жастар ресурстық орталығының директоры Әубәкірова Сымбат.

«Жасыл Ел» жобасының басты мақсаты – жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, қазақстандық патриотизмді, азаматтықты және жастардың белсенділігін дамыту. Сондай-ақ, жұмыссыздықты қысқартуға мүмкіндік береді.

Маусым қорытындысы бойынша «Жасыл ел» ЖЕЖ 320 жасты жұмысқа орналастырылды. «Жасыл ел» ЖЕЖ сарбаздарын жұмысқа орналастыру кезінде отбасы жағдайына ерекше назар аударылды. Сол себепті, сарбаздар қатарын халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан, девиантты мінезқұлықты және толық емес отбасылардан шыққан балалар толықтырды.

Айта кетелік, көп балалы отбасылардан жұмысқа — 40, толық емес отбасылардан – 18, қамқорлыққа алынған балалардан – 4, девиантты мінез-құлықты балалардан — 1 адам жоба аясында жұмыспен қамтылған.

«Жасыл ел» сарбаздары гүл отырғызу, қоқыс жинау, қаланы көгалдандыру, ағаштарды әктеу, ағаштар мен гүлдерді суару жұмыстарын жүргізді. 3 айдың қорытындысы бойынша өңделген аумақ 700 гектардан астам жерді құрады.

Бір жауынгердің жалақысы (салықтарды шегергенге дейін):

— 14 жастан 16 жасқа дейінгі жастар 42 500 теңге.

— 16 және одан жоғары жастағы жастарда еңбекақы екі көзден: жергілікті бюджет және облыстық бюджеттен құралады. Жалақы 77 894 теңгені құрады.

Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»