«Жасыл Ел» жасағы жұмысын бастады

Қарағанды қаласында жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының 22-еңбек маусымы басталды. Биыл жоба аясында 14 пен 35 жас аралығындағы екі мыңға жуық жас жұмыспен қамтылып, жаз мезгілінде қаланың қоғамдық кеңістіктерін абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына қатысады.

Жасақ мүшелері саябақтар мен скверлердің аумағын күтіп ұстау, демалыс орындарын ретке келтіру, тұрғын үй аулаларын абаттандыру және экологиялық акцияларды ұйымдастыру сияқты жұмыстарға жұмылдырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін берумен қатар, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды көздейді. «Жасыл Ел» бағдарламасы Қазақстанда 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында жоба мыңдаған жастың еңбекке араласуына мүмкіндік беріп, еліміздегі ең ірі жастар қозғалыстарының біріне айналды. Өткен еңбек маусымының қорытындысы бойынша республика көлемінде 34 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылса, олардың шамамен 14 мыңы ауылдық жерлердің жастары болды.

Қарағанды өңірінде де бұл бастамаға қызығушылық жыл сайын артып келеді. Өткен жылы облыс бойынша еңбек жасақтарына арналған жұмыс орындарының саны 4 820-дан 5 мыңға дейін ұлғайған болатын. Соның нәтижесінде жастарды қамту көлемі артып, еңбек жасақтарының материалдық-техникалық мүмкіндіктері де кеңейтілді.

Биылғы маусымның ерекшеліктерінің бірі – инклюзивті бағыттың күшейтілуі. Бағдарлама аясында ерекше қажеттілігі бар азаматтардан құралған 40 адамдық еңбек жасағы жұмыс істейді. Бұл олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына және еңбек дағдыларын қалыптастыруына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қатысушылар арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етіліп, еңбек процесін бақылау мен есепке алуды жеңілдету мақсатында QR-код арқылы тіркеу жүйесі енгізілген. Цифрлық шешім жұмыс уақытын нақты есептеуге және еңбек жасақтары мүшелерінің күнделікті белсенділігін қадағалауға мүмкіндік береді.

Жоба шеңберінде жастар тек еңбек қызметімен шектелмейді. Жаз бойы олар үшін экологиялық мәдениетті дамытуға, көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыруға және азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған тренингтер, шеберлік сабақтары, танымдық кездесулер мен түрлі әлеуметтік акциялар ұйымдастырылады.

«Жасыл Ел» қозғалысы жылдар бойы көптеген жас үшін алғашқы еңбек мектебіне айналып, олардың жауапкершілік, тәртіп және ұжыммен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар жастарды уақытша жұмыспен қамтып қана қоймай, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосуға ынталандырады.

Жаңа еңбек маусымының ашылуына арналған салтанатты шара 5 маусым күні Қарағанды қаласының Орталық саябағында өтеді. Мерекелік концерт барысында қазақстандық эстрада әншілері Қайрат Түнтеков пен Еңлік өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын жастар бастамасын қолдап, мерекелік кешке қатысуға шақырады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»