Жастармен жұмыс жалғасын табады
Қарағанды облысында жастар саясатын жаңаша форматта дамытуға басымдық беріліп отыр. Өңір әкімі жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңесте жас буынды қолдау тетіктерін жетілдіру, жобалардың тиімділігін арттыру және нақты нәтижеге бағытталған жұмысты күшейту мәселелері қаралды.
Бүгінде облыс аумағында 14 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Алайда талдау олардың бір бөлігінде кадрлық әлеует пен материалдық-техникалық базаны күшейту қажеттігін көрсетіп отыр. Осыған байланысты жастармен жұмыс жүйесін қайта қарау және жаңа тәсілдерді енгізу көзделуде. Бұл туралы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова баяндады.
Өткен жылы өңірде жұмыссыз жастар, NEET санатындағы азаматтар және мүмкіндігі шектеулі жастармен жұмыс істеуге бағытталған жаңа жобалар іске қосылған. Жүргізілген талдау нәтижесінде кейбір бастамалар жаңартылып, тиімділігі төмен форматтар қысқартылған.
Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Аслан Кабегенов бұл бағыттағы жаңашылдықтарға тоқталды:
– «Талдау мектебі» жобасы жаңартылған форматта «Қарағанды Талдау мектебі 2.0» ретінде жалғасып жатыр. Сонымен қатар NEET санатындағы жастармен жұмыс істеудің жаңа моделі енгізілмек. Бұл жүйе жастарды ұзақ мерзімді сүйемелдеп, олардың жағдайындағы өзгерістерді кезең-кезеңімен бақылауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Кеңесте жастар саясатының тиімділігі тек облыстық деңгеймен шектелмей, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына да тікелей байланысты екені атап өтілді. Яғни, әр аудан мен қаланың нақты нәтижесі жалпы өңірлік көрсеткішке әсер етеді. Мәселен, Теміртау қаласында жастарды жұмыспен қамту, қолжетімді баспана және қалалық ортаны дамыту бағыттарына басымдық берілуде. Бұл шаралар жастардың өзге өңірлерге көшуін азайтып, оларды қалада тұрақтандыруға бағытталған.
– Барлық бастама жастарға өз мүмкіндігін осы жерде жүзеге асыруға жағдай жасауға бағытталған. Соның нәтижесінде көші-қон деңгейін төмендетуді көздейміз, – деп атап өтті Теміртау қаласының әкімі Ғалым Әшімов.
Айта кету керек, 2020 жылдан бері Теміртауда гранттық қолдау арқылы 50-ге жуық жастар кәсіпкерлік жобасы жүзеге асырылған. Бұл жастардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етіп отыр.
Ал Бұқар жырау ауданында жастармен жұмысты бағалаудың жаңа жүйесі енгізілген. Ауылдық округтердің рейтингі жасалып, онда жұмыспен қамту деңгейі, қоғамдық белсенділік, экологиялық бастамалар мен волонтерлік қызмет ескеріледі. Сонымен қатар жастармен жұмыс мектеп оқушылары, студенттер, жұмыс істейтін жастар және NEET санаты бойынша жеке бағытта жүргізіледі.
Өңірдегі маңызды бастамалардың бірі – «Жасыл ел» бағдарламасы. Облыс бұл жобаны жүзеге асыру бойынша елдегі көшбасшы өңірлердің қатарында. Сұлтан Шаймағанбетның айтуынша, соңғы жылдары жоба ауқымы айтарлықтай кеңейген.
– Соңғы үш жылда жасақшылар саны 3 мыңнан 5 мыңға дейін өсті. Биылдан бастап бағдарлама жыл бойы жұмыс істейтін форматқа көшті. Бұл жастарға тек маусымдық жұмыс емес, тұрақты тәжірибе мен оқыту мүмкіндігін береді, – деді ол.
Бағдарлама қатысушыларының шамамен 15 пайызы әлеуметтік осал санаттағы жастар. Сонымен қатар инклюзивті жобалар кеңейіп, жастар өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болуда. Алдағы уақытта экологиялық волонтерлікті дамыту жоспарланып отыр. Жастар «эко-патруль» форматында табиғатты қорғау акцияларына қатысады. Соған қарамастан, салада бірқатар түйткілдер де бар. Атап айтқанда, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, бос уақытты тиімді ұйымдастырудың ескірген форматтары және ақпараттық қолдаудың әлсіздігі мәселелері әлі де өзекті. Бұл проблемаларды шешу үшін креативті жастар кеңістіктерін дамыту, гранттық қолдауды кеңейту, онлайн және офлайн форматтарды біріктіру, сондай-ақ жастарға арналған мотивациялық бағдарламаларды енгізу ұсынылуда.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл бағыттағы жұмыстардың маңызын атап өтті:
– Негізгі міндеттердің бірі – жастардың сұранысына сай мәдени және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту. Қажет болған жағдайда жаңа ашық кеңістіктер құрылуы тиіс, – деді шаһар басшысы.
Жиын соңында бірқатар жастар ресурстық орталықтарының басшылары атқарған жұмыстары үшін марапатталды. Жалпы алғанда, Қарағанды облысында жастар саясаты жаңа кезеңге қадам басып отыр. Негізгі мақсат – жас буынның қоғамдағы орнын күшейту.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

