Жастарды буллингтен қорғау – маңызды мәселе
Жыл сайын елімізде жасөспірімдердің 17,5 пайызы буллингтің құрбанына айналады, оның ішінде көпшілігі әлеуметтік желілерде орын алатын кибербуллингтен зардап шегеді. Бұл мәселе Қарағанды қаласында жастар арасында өткен «Болашақ менен басталады» атты кездесуде кеңінен талқыланды. Шара Жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылып, оған өңірдің белсенді жастары, педагогтар, психологтар және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында жастар мен мамандар буллингтің, оның ішінде кибербуллингтің қоғамға тигізетін әсері мен зардаптары туралы ой бөлісіп, жасөспірімдер арасында мұндай теріс әрекеттердің алдын алу жолдарын талқылады. Мамандар кибербуллингтің интернет пен әлеуметтік желілерде жасөспірімдерге қалай әсер ететінін түсіндіріп, жастарды саналы түрде цифрлық әлемде өздерін қорғауға шақырды. Сонымен қатар, қатысушылар буллингке қарсы күресу үшін қолданыстағы заңнамалық шаралар мен психологиялық қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталды. Бұл шараның мақсаты – жастарға буллингтің алдын алу, оның себептері мен салдарлары туралы ақпарат беру, сондай-ақ саналы әрі жауапты онлайн мінез-құлық қалыптастыру болды. Жастар ресурстық орталығы осындай кездесулер арқылы қоғамдағы актуалды мәселелерді көтеріп, жастарға болашақта оң өзгерістер жасауға ықпал етуді көздейді. Кездесуге 30-ға жуық жас буын өкілі қатысты. Студенттерге «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиал басшысы баяндама жасады. Ол буллингтің психологияға әсері туралы ақпарат берді.
– Бүгінгі шараның мақсаты – жастардың арасында, жасөспірімдердің арасында және жалпы қоғамның арасында буллинг және кибербуллингтің алдын алу. Себебі бүгінгі қоғамда бұл өте өзекті тақырыптардың бірі. Әлеуметтік желідегі ақпараттың зияны және жастардың арасында олардың бойына құндылықты сіңіру мақсатында осындай алаңдарда көптеген шараны ұйымдастырамыз, – деді «Сенімен Болашақ» РҚБ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Индира Тоқмурзина.
Жастар ресурстық орталығы былтырдан бастап мұндай кездесулер өткізуді дәстүрге айналдырған. Әсет Ғалымжанұлы биыл ғана оқуға түскен студент. Айтуынша мектеп кезінде бірнеше рет буллингтің куәгері болған. Ол семинардан алдағы уақытта жәбірленушілерге қалай көмек көрсетуге болатыны жайлы ақпарат алған.
– Жастар арасында өте танымал. Буллинг ең бастысы ортаға байланысты, араласқан досына байланысты. Қазір кибербуллинг деген бар. Интернетте көп орын алып жатады. Бірінші орында ең бастысы ол – ортаны түзеу керек, – дейді Қарағанды «Bolashaq» жоғарғы колледжінің студенті Әсет Ғалымжанұлы.
Елімізде әлімжеттік жасағандар жазасыз қалмайды. Жәбірлеушіге 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Яғни, жауапты 37 мың теңгеге жуық қаражат төлейді.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»