ЖАСТАР ӘСКЕРДЕН НЕГЕ ҚАШАДЫ?
Отан алдындағы борышын өтегісі келетіндердің қатары күн санап азайып келеді. Бірі оқуын, не жұмысын сылтауратып, бұл қызметтен жалтарса, енді бірі әскери мансап жолын бастауға жетелейтін таптырмас мүмкіндік деп біледі.
Сегіз айдың ішінде «ефрейтор» шенін алып үлгерген қатардағы солдаттардың бірі – Данияр Байтеміров. Өткен жылдың жазында борышын өтеуге шақырылған павлодарлық азаматқа еріп, үш бірдей досы да өз еріктерімен әскер қатарына қабылдауға өтініш білдіреді. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бала кезден бірге өскен жігіттердің бұл шешіміне таңданып, кейін келісімін беріп, төртеуін Қарағанды өңірлік «Астана» командасының үшінші мотоатқыш батальонына жібереді.
— Ата-анамыз мұндай шешім қабылдағанымызға қатты қуанды. Бір бөлімде сегіз айдан бері қызмет етіп келеміз. Командиріміз майор Қожахметов – нағыз үлгі болатын тұлға. Қатал, бірақ артық ештеңе талап етпейтін, білікті маман. Әскердің тамағы да жақсы. Физикалық тұрғыда күш жидық. Жауынгерлік қару жарақ, мамандық түрлерін игердік, — дейді Данияр.
Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмысынан шығып, досына еріп, әскерге асыққандардың қатарында Алан Дүйсекеев те бар.
— Көп жастар бір жыл уақытын босқа өткіземін деп, әскерден қашады. Бірақ, әскери өмір жай қызмет еткеннен де көп дүниені ұғындырады. Жауапкершілікті, өзіндік шешім қабылдауды үйретіп қана қоймай, әскердегі жолдастық сезімнің қандай екенін түсіндіреді. Әрбір сарбаз сен үшін, бөлімше үшін жанын беруге дайын тұрады. Сондықтан, физикалық тұрғыда ғана мықты емес, рухани тұрғыда да бекисіз, — деді сарбаз.
Жақында Спассктегі жаттығу алаңында аталмыш жасақ құрамы атыс ойындарына қатысып, жақсы нәтиже көрсеткен. Ал, Данияр Байтеміров жауынгерлік дайындықтағы жетістігі үшін «ефрейтор» шенін иеленген.
Еліміздегі әскери жүйеге көңілі толмайтындар да жоқ емес. Қарағанды индустриалды университетінің студенті Нұркен Жұмашевтің айтуынша, қарулы күштер жүйесіне өзгерістер енгізу қажет.
— Борышын өтегісі келмейді деп, жігіттерге ғана кінә тағуға болмайды. Меніңше, азаматтардың бұл қызметті атқаруға қызығушылығын тудыратын жүйе қалыптастыру керек. Жалғыз ұлын әскерге жібергісі келмейтін ата-аналарды да түсінуге болады. Себебі, сенімге қарағанда күдік басым. Теледидардан, ғаламтор беттерінде де сарбаздарды жазықсыз тепкілеп жатқан сюжеттерді жиі көреміз. Егер, бұл мәселе шешілмесе, тиісінше, әскерден жалтаратындардың саны арта береді, — деп түсіндірді өз ойын.
Нұркен біздегі әскери қызметкерлердің жалақысының төмен болуы да, басты факторлардың бірі екендігін қоса айтты. «Ал, қару-жарақты кез-келген жоғары оқу орындарынан ашылып жатқан әскери кафедралардан үйренуге болады» дейді. Студент уақытын жоғалтпай, дипломмен қоса, «лейтенант» шені мен әскери билетті де алып шығады.
Әскери қызмет туралы пікірлер сан алуан болса да, отан алдындағы борышын өтеуге облыс бойынша 300 азамат шақырылып, Шымкент, Ақтау, Гвардейск гарнизондарына жіберілген. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің хабарлауынша, сарбаздарды Талдықорған, Семей, Аягөз әскери бөлімдеріне жөнелтуге дайындық жүргізілуде. «2021 жылдың маусым айының соңына дейін 1200-ден астам азаматты әскерге шақыру жоспарланып отыр» дейді департамент басшысының орынбасары Рустам Жалбинов. Жігіттерді бөлімшелерге жіберерде олардың мамандықтары ескерілетін болады. Сонымен бірге, болашақ сарбаздардың ата-аналары мен отбасы мүшелері тұрғылықты мекен-жайы бойынша шақыру комиссияларынан кеңес ала алады.
Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты әскерге шақырылғандар жиналу пунктінде және әскери бөлімдерде, екі рет ПТР-тест тапсырады.
Расул МҰХАММЕД
«QH»