Жастар Ата Заңды қолдайды

Қарағанды қаласында жаңа Конституцияның күшіне енуі ерекше форматта аталып өтті. Қаланың Орталық саябағында «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен ұйымдастырылған ауқымды флешмоб пен танымдық акция жүздеген жастың басын қосты. Шараның басты мақсаты – жаңа Конституцияның мәні мен маңызын түсіндіру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жастардың ел өміріне белсенді қатысуына серпін беру.

Мерекелік шара барысында Орталық саябақта интерактивті алаңдар, фотозоналар, танымдық викториналар, әлеуметтік сауалнамалар ұйымдастырылып, қатысушыларға жаңа Конституцияда көрініс тапқан негізгі қағидаттар кеңінен түсіндірілді. Жастар заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен міндеттері, қоғамдық жауапкершілік туралы сұрақтарға жауап беріп, өз пікірлерін ортаға салды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – Конституцияны тек құқықтық құжат ретінде ғана емес, әрбір азаматтың күнделікті өмірімен тығыз байланысты маңызды құндылық ретінде түсіндіру.

«Жастар рухы» жастар қанатының мүшесі Санжар Ермеков мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

– Біздің мақсатымыз – жастарға жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізу. Бүгінгі шарада түрлі ойындар, викториналар және ашық пікірталастар ұйымдастырылды. Біз жастардың пікірін тыңдап қана қоймай, олардың құқықтары мен міндеттері, қоғамдағы жауапкершілігі туралы кеңінен әңгімелестік. Конституция – әр азаматтың өміріне тікелей қатысты басты құжат. Сондықтан жастар оның мазмұнын жақсы біліп, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуы тиіс. Осындай кездесулер олардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, болашаққа деген жауапкершілігін арттырады, – деді ол.

Шараға қатысушылардың басым бөлігін биылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда алғаш рет дауыс берген жастар құрады. Олар елдің болашағына бейжай қарамайтынын, қоғамдағы өзгерістерге өз үлестерін қосуға дайын екенін жеткізді.

«Әділет» партиясының белсендісі Анар Батырханова Конституцияны кеңінен насихаттау құқықтық мемлекетті қалыптастырудың маңызды тетігі екенін айтты.

– Бүгін біз жастармен кездесіп, жаңа Конституцияның мазмұны мен оның қоғам үшін маңызын түсіндірдік. Әсіресе заң үстемдігі, адам құқықтарын қорғау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше тоқталдық. Сонымен қатар Конституцияға енгізілген өзгерістердің әр азаматтың өміріне қалай әсер ететінін түсіндірдік. Мұндай ашық кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, мемлекет пен қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашады, – деді ол.

Науқан барысында қатысушылар танымдық викториналарға қатысып, арнайы баннерге ел болашағына арналған тілектерін жазды. Көпшілік естелік суретке түсіп, ұйымдастырылған интерактивті алаңдарға белсенді қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай ашық форматтағы кездесулер жастар мен қоғам арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарын кеңінен түсіндіруге мүмкіндік береді. Бұл – құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

Айта кетейік, жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған осындай танымдық шаралар 1 шілде күні Қарағанды облысының барлық қала және ауданында өтті. Ал Қарағанды қаласындағы жастар акциясы ел болашағына бейжай қарамайтын жас буынның азаматтық белсенділігі мен құқықтық мәдениетінің артып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.

Фото: @jastar_ruhy

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»