Жастар қанатында – жаңа атау

Ақмола облысының Зеренді ауылында өткен «Аманат» партиясы жастар қанатының VI съезінде «Жас Отан» атауын өзгерту мәселесі қаралды. Съезге еліміздің барлық өңірінен 350 делегат жиналды. Қарағанды облысынан «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Ержан Хамитов бастаған 12 адам қатысты.

Партияның жастар қанатының атауын өзгертуді ЕУРО – 2022-нің үздік шабуылшысы атанған «Қайрат» футзал клубының шабуылшысы Біржан Оразов ұсынды.

– Жаңа Қазақстанды өз Отанын сүйетін, білімді, парасатты, дарынды, рухты жастар құратыны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі делегаттарға партияның жастар қанатының атауын «Жастар Рухы» деп өзгертсек деген ұсынысым бар, – деді Біржан Оразов.

Қарағанды облысындағы «Аманат» партиясы филиалының төрағасы Бекзат Алтынбековтің айтуынша, бұл өзгеріс жастар қанатының дамуына тың серпін береді.

– Жастар қанатының трансформациясы – жай ғана атау өзгерту емес. Бұл жаңашылдық жастардың ерекше рөлін көрсетіп, құндылықтар мен ұстанымдарын айқындайды. Бұл ережелер сондай-ақ Мемлекет басшысының реформаларына қолдау көрсету мен еліміздегі барлық жастардың басын біріктіруге ықпал етпек, – дейді Бекзат Алтынбеков.

 Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»