Жастарға жол ашқан жаңа мүмкіндіктер
Қарағандыда Халықаралық жастар күніне орай жастардың басын қосқан ауқымды мерекелік іс-шара өтті. Қаланың Орталық саябағында ұйымдастырылған «Жастар Day» шарасында жас буынның шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған жаңа жобалар таныстырылып, өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар талқыланды. Сонымен қатар «Қарағанды – ТМД-ның 2028 жылғы жастар астанасы» жобасының жоспары таныстырылып, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері марапатталды.
Халықаралық жастар күні – жас буынның әлеуетін арттырып, бастамаларына қолдау көрсетуге назар аударылатын маңызды күндердің бірі. Бүгінде жастар саясаты тек мерекелік іс-шаралар өткізумен шектелмей, жастарға білім алуға, кәсіби тұрғыда дамуға, шығармашылықпен айналысуға және қоғамдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беруге бағытталып отыр. Қарағанды облысында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
«Жалпы мемлекет тарапынан жастарға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Жастардың білім алып, кәсіп бастауына, өз жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін түрлі бағдарламалар бар. Біздің басты мақсатымыз – осы мүмкіндіктерді жастарға жеткізу және олардың бастамаларын қолдау. Себебі жастар – елдің қозғаушы күші. Жастардың бойындағы күш пен жігерді дұрыс бағытқа жұмсасақ, ол қоғамды алға дамытады», – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Мерекелік шара барысында жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер де таныстырылды. Соның бірі – жаңа Жастар үйінің алаңы. Бұл жерде жас тұрғындар өз жобаларын жүзеге асырып, шығармашылық және қоғамдық бастамаларын дамытуға мүмкіндік алады. Арнайы кеңістік жастардың басын қосып қана қоймай, олардың жаңа идеяларын талқылап, тәжірибе алмасуына жағдай жасамақ.
Жастар үйінің ашылуы өңірдегі жастар саясатын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ. Мұнда түрлі оқыту семинарлары, кездесулер, тренингтер мен жобалық жұмыстар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Яғни жастар өз идеяларын жүзеге асыру үшін қажетті ақпарат пен қолдауды бір жерден ала алады.
Қарағандының 2028 жылы ТМД-ның жастар астанасы атануы да өңір жастары үшін үлкен мүмкіндік. Бұл мәртебе жастардың халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысуына, жаңа серіктестер табуына және түрлі мемлекеттердің жас көшбасшыларымен тәжірибе алмасуына жол ашпақ.
«Біздің өңірде де жастар астанасы аясында жүзеге асырылатын жобаларға ерекше мән беріліп отыр. Қазірдің өзінде бірқатар ұсыныстар жинақталды. Жастардың өздері қандай жобаларды көргісі келетінін, қандай бағыттарға басымдық берілуі керектігін айтып жатыр. Бұл ұсыныстардың барлығы ескеріліп, алдағы уақытта арнайы Жол картасына енгізіледі. 2028 жылға дейінгі кезеңде жастар үшін маңызды әрі нәтижелі жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз», – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Шара барысында жастардың жеке дамуына да ерекше көңіл бөлінді. PR және медиа саласының маманы Ақерке Берлібайдың қатысуымен жеке брендті дамытуға арналған тренинг ұйымдастырылды. Қатысушылар қоғам алдында өздерін дұрыс таныстыру, өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, әлеуметтік желілер арқылы жобаларын ілгерілету және заманауи коммуникация құралдарын пайдалану жөнінде кеңес алды.
«Бүгінгі күні жастар үшін өзіңді дұрыс таныта білу өте маңызды. Жеке бренд дегеніміз – тек әлеуметтік желідегі парақша немесе Instagram-дағы жазбалар ғана емес. Бұл – адамның білімі, тәжірибесі, құндылығы және қоғамға ұсынатын идеясы. Жастардың арасында өз жобасы, кәсіби бағыты немесе қызықты бастамасы бар адамдар өте көп. Ең бастысы – сол мүмкіндікті дұрыс көрсету және аудиторияға жеткізе білу. Бүгінгі тренингте жастарға осы бағыттағы нақты құралдарды көрсетуге тырыстық», – деді PR және медиа қауымдастығының төрағасы Ақерке Берлібай.
Жастардың жаңа бастамаларына көрсетілетін қолдаудың тағы бір маңызды бағыты – «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты. Биыл жоба авторлары салтанатты түрде марапатталып, өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Грант иегерлері әлеуметтік, мәдени, шығармашылық және басқа да бағыттардағы жобаларын іске асырып, қоғамның дамуына өз үлестерін қоса алады.
Мұндай гранттар жастарға тек қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, өз идеясын нақты жобаға айналдыруға мүмкіндік береді. Өйткені кез келген үлкен бастама алдымен шағын идеядан басталады. Ал оған қажетті жағдай жасалып, қолдау көрсетілсе, жас автордың жобасы қоғамға пайдалы іске айналуы мүмкін.
«Жастар Day» шарасы барысында қатысушыларға түрлі жобалар мен бастамалар таныстырылып, жастардың пікірлері тыңдалды. Мерекелік іс-шараның негізгі мақсаты да – жас буынды бір ортаға жинап, олардың өзара тәжірибе алмасуына және жаңа мүмкіндіктер туралы ақпарат алуына жағдай жасау.
Бүгінгі жастар – ертеңгі қоғамның ғана емес, бүгінгі өзгерістердің де белсенді қатысушысы. Сондықтан олардың идеясына құлақ асып, бастамасына мүмкіндік беру маңызды. Қарағандының ТМД-ның 2028 жылғы жастар астанасы атануы, жаңа Жастар үйінің ашылуы, гранттық жобалар мен түрлі оқыту бағдарламалары жас буынның әлеуетін іске асыруға жол ашпақ. Жастарға жасалған қолдау – бір күндік мерекенің емес, өңірдің ұзақ мерзімді дамуының негізі.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

