Жастарға жаңа мүмкіндік

Қарағандыда жастарға жеңілдетілген шартпен ипотека беріле бастады. Алғашқы 10 адам аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің қолынан арнайы сертификат алды. Облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» бірлесіп қолға алған игі жобаға тек 7 түрлі мамандық иелері қатыса алады. Олар мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, спорт және мәдениет саласының өкілдері, әлеуметтік сала мамандары және жоғары оқу орнының ұстаздары мен ғылыми қызметкерлері.

Әсіресе, әлеуметтік мәртебесі айқындалмаған әріптестеріміз үшін бұл үлкен көмек болып тұр. Ипотека көлемі жұмыскердің табысына байланысты. Тағы бір талап – жасы 35-тен аспау керек.

Сертификатқа ең бірінші болып қол жеткізген ондықтың ішінде Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының қызметкері Күнтуған Охан да бар. Ол қуанышты күнді ұзақ күткен. Қазір 3 баласымен, жұбайымен пәтер жалдап тұрады. Үй кезегінде тұрғанына 10 жылдан асыпты. Жақында жаңа бағдарламаның іске қосылғанын естіп, бірден қатысуға өтініш берген. Комиссия мақұлдап, 20 миллион теңге алды.

Ипотека бізге 5 пайыз жеңілдікпен беріліп отыр. Мен 20 миллион теңге алдым. Енді соған келетін пәтер іздеуім керек. Алғашқы 10 пайыздық жарнаны өзім төлеймін. Ал несеимді 13 жыл ішінде қайтаруға тиіспін, — дейді Күтуған Охан.

Әзірге қанатқақты жоба тек Қарағандыда жүзеге асып жатыр. Егер нәтижелі болса облыстағы өзге де аудан, қалаларды қамту жоспарда.

Биыл жобаға жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлдік. Ал Отбасы банк 500 миллион теңге беріп отыр. Жылдың соңына дейін бұл ақшаны 75 жас маманға үлестіреміз. Келешекте қаржы көлемін ұлғайту ойымызда бар, — деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Бұл ірі елді-мекендерде игерілетін ақша. Ал ауыл жастарын баспанамен қамтудың басқа тетіктері бар. Тек өткен жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасына қатысқан 2400 жас маманға үй алу үшін 6,8 миллиард теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады деді жастар ісі жөніндегі кеңестің кезекті отырысына қатысқандар.

Асыл АЙБЕК,

«QH»