Жастарға берілген мүмкіндік

Күні кеше ғана оқуын тәмамдаған жас маманға жұмыс табу үлкен қиындық туғызады. Өйткені көптеген кәсіпорын қызметке тәжірибелі маманды алғысы келеді. Ал жас маман бойын үйретіп, жұмысқа етене араласып кетемін дегенше біршама уақыт кетеді. Жұмыс берушілердің қашатыны да сондықтан. Енді қайтпек керек? Мәселенің оңтайлы шешімін «Жастар практикасы» бағдарламасы ұсынып отыр.

Қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының дерегінше, «Жастар практикасы» бағдарламасына техникалық, кәсіптік және жоғары оқу орындарын бітірген түлектер қатыса алады. Олардың 29 жастан аспауы шарт. Жобаға қатысушылар оқуын аяқтаған соң 3 жылдың ішінде осы бағдарламаға қатысу үшін өтініш қалдыра алады. Түлектер қатарындағы «Жастар практикасына» қатысушылардың жалақысын қаржыландыру еңбек шартына сәйкес 12 ай ішінде 30 АЕК мөлшерінде жүзеге асырылады.

– Мен «Құқықтану» мамандығы бойынша Бизнес және экономика колледжінде тәлім алдым. Оқуды аяқтаған соң жұмыс табудан қиналып, Жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгіндім. Ол жердегі мамандар маған Тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне жолдама берді. «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша келісімді мерзім өткен соң, департамент басшылығы мені штатқа қабылдап, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті. Оқуын бітіріп, мамандық бойынша кәсіп іздеп жүрген түлектерді Жұмыспен қамту орталығына хабарласуға шақырамын, – дейді бағдарлама қатысушысы Ділназ Амантаева.

Жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысуға талап білдірген жастар келесідей құжат тапсыруы қажет:

– жеке басын куәландыратын құжат;

– еңбек қызметін растайтын құжат (бар болса);

– техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің болуын растайтын құжат.

Барлық сұрақты Бұқар жырау көшесі, 51/4, 1-қабат, сондай-ақ 996-393, WhatsApp 8-775-644-35-80 нөмірлері бойынша біле аласыз.