Жастарға арналған жиын өтті

26 мамыр күні «Таир» СҮ-де 20 мемлекеттік орган, 60 жұмыс беруші, 10 үкіметтік емес ұйым, құқық қорғау органдары мен прокуратура, пробация қызметі, Қарағанды қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиясы өкілдерінің қатысуымен қала жастары үшін ауқымды іс-шара өтті.

Жәрмеңкеге сонымен қатар Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Л.Т.Ақылжанова, Қарағанды қаласы Полиция департаментінің басшысы Ш.А.Салин және Қазыбек би ауданы прокурорының орынбасары К.С.Мұратов, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Консультативтік көшпелі жәрмеңкеде қала жастарына балалар құқығын қорғау, балалардың жазғы демалысы, қамқоршылық мәселелері, жұмысқа орналасу, білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау мәселелері, интернет алаяқтықтан қорғау мәселелері, жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауының маңыздылығы және т.б. мәселелер жөнінде консультация беріліп, заңнама түсіндірілді, есірткі қылмысына қарсы күрес жөнінде профилактикалық консультация өткізілді.

Бос орындар жәрмеңкесіне жоғары оқу орындары мен орта арнаулы оқу орындарының түлектері, NEET санатындағы жастар, жұмыссыз тұлғалар шақырылды. Келушілерге 2 600-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды.

– Мен гуманитарлық колледжде оқып жатырмын. Болашақ мамандығым – тәрбиеші. Жасым әлі 18-ге толған жоқ. Бірақ жазғы демалыста жұмыс істеп, ата-анама қолғабыс көрсеткім келеді. Сондықтан осы жерге келіп, өзіме лайық жұмыс қарастырдым. Бұл шараның өтетіні туралы ақпаратты колледжде естіген едім. Кураторымыз қатысуға ниет білдірген студенттерді ертіп келді. Менің ойымша, мұндай жиындардың жастарға берер пайдасы мол. Өйткені қатарластарымның көбі жаз кезінде жұмыс істегісі келсе де, өздеріне лайық кәсіп таппай қиналады, – дейді Сезім Сүлеймен есімді қала тұрғыны.

Өткізілген іс-шарада 457 азаматқа кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде консультация берілді. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар», «Кәсіптік оқыту» бағыттары жөнінде консультациялық жұмыс ұйымдастырылды. 86 азаматқа жұмысқа орналасуға жолдама берілді. Оның ішінде пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға 12 жолдама, алимент берешегі бар азаматтарға 9 жолдама берілді.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»