Жастарға арналған ипотека іске қосылады

Құрылыс көлемі бойынша Қарағанды облысы республикада төртінші орында. Өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру жыл сайын өсіп келеді. Кезекте тұрғандарды пәтерлермен қамтамасыз ету екі есеге артты.

– 2021 жылдың 11 айында «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында көлік, ірі өнеркәсіп нысандарын салу және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен құрылыс жұмыстарының көлемі 381,2 млрд теңге сомасына орындалды, – деп баяндады Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абзал Жайлыбаев. – Егер бұрын орта есеппен жылына кезекте тұрғандарға мыңға жуық пәтер берілсе, соңғы жылдары бұл көрсеткіш 2-2,5 мың пәтерге ұлғайды. Биыл тұрғын үй құрылысының өсу қарқыны сақталып отыр. Жыл қорытындысы бойынша, 662 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ол 2019 жылдың деңгейіне қарағанда 60%-ға артық, – деді ол.

Сондай-ақ басқарма басшысы жеке инвесторлардың тұрғын үй құрылысына белсенді қатыса бастағанын атап өтті. Облыста бюджет есебінен әлеуметтік тұрғын үйдің үлесі 15-16%-ды құрайды, қалғаны – жеке құрылыс. Бұл тарапта облыс әкімі Жеңіс Қасымбек:

– Біз «Отбасы банкпен» белсенді жұмыс істейміз. Бірқатар жаңа ипотекалық бағдарламаларды іске қосамыз. Бұл – жастарға арналған несиелік тұрғын үй. Оған облыстық бюджетте бастапқы қаражат қарастырылған, әрі қарай бұл сома екі есеге артады. Сондай-ақ Қарағандыда және серіктес төрт қалада жұмыс істейтін кеншілер мен металлургтерге арналған бағдарлама енгізілуде, – деді.

Аппараттық кеңесте әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту туралы да айтылды. Биыл 10 білім беру, 7 денсаулық сақтау, 11 спорт, 2 мәдениет нысандарының құрылысына қаражат бөлінді.

ОБЛЫС ӘКІМДІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ