Жас таланттар Түркияда өткен вокал байқауында жүлделі орындарға ие болды
Қарағанды облысының жас таланттары Ыстамбұлда (Түркия) өткен «ALASH STAR» халықаралық көпжанрлық байқауда керемет нәтижелерге қол жеткізді. Біздің өнерпаздардың қоржынында бас жүлде, екі бірінші орын мен бір екінші орын бар.
Атап айтсақ, Шахтинск қаласының Ә.Бөкейхан атындағы мектеп-лицейінің оқушылары бас жүлде, бірінші және екінші орындарға ие болса, Ботақара кентінің жас вокалисі өз номинациясында бірінші болды.
Он алты жастағы Дайана Сағындықова Гран-при алды, ол Құрмаш Махановтың сөзіне жазылған «Гүлстан-Қазақстан» әнін орындады.
– Мен вокалмен 6 жасымнан айналысамын. Жарысқа түрлі елден 200-ге жуық дарын қатысты. Ал мен Гран-при жеңіп алдым, – дейді Дайана.
Альмира Әбдімәлік үш жасынан бастап ән айтады. Қазір 11 жаста. Түрлі облыстық, республикалық байқаудың жеңімпазы. Түркияда өткен халықаралық жарыста да бірінші болды.
– Мен «Күнге табыну» әнін орындап бірінші орын алдым. Бұл жерде вокалдан беретін ұстазымның сіңірген еңбегі зор. Біз күн сайын жұмыс істедік, бұл жеңіс – біздің жұмысымыздың нәтижесі, – деп атап өтті Альмира.
Аймерей Тілеубек 10 жаста, ол «Сүгірдің термесі» әнімен екінші орын алды.
«ALASH STAR» – Шахтинск қаласының жас әншілері қатысқан тұңғыш халықаралық байқау. Үшеуіне вокалдан «Балауса» вокалдық клубының жетекшісі, Қарағанды облысы Композиторлар одағының мүшесі, балалар композиторы Зәуреш Ниетбаева сабақ береді. Ол өнер саласында 30 жылға жуық еңбек етіп келеді.
Ал Әли Тілеубеков Ботақарадағы С.Торайғыров атындағы тірек мектебінің алтыншы сыныбында оқиды, 12 жаста. Музыкамен небәрі екі жыл айналысады, бірақ қазірдің өзінде үлкен жетістіктерге жетуде. Ол – «Руханият» қосымша білім беру орталығының және «Vocal Karaganda» вокалдық студиясының шәкірті.
– Менің вокалдан екі ұстазым бар: Тәттігүл Сағындықова және Еламан Маженов. «Руханият» орталығына жұмыс күндері, ал Қарағандының вокалдық студиясына демалыс күндері барамын, – дейді Әли. – Дәл осындай қарқынды сабақтардың арқасында «ALASH STAR» байқауына екі айда дайын болдым. Онда «Атамекен» әнін орындадым. Кішкене қобалжу болды, бірақ өзімді қолға алып бірінші орынға ие болдым.
«ALASH STAR» халықаралық көпжанрлық байқауы 2017 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқауды ұйымдастырушы – ALASH өнер орталығы.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»