Жас талант

Қарағандылық 20 жастағы өнерпаз Арыстан Әбілдин «Ты одна» авторлық әні үшін «Алтын диск» алды. Жас музыкант тың туындыны сүйіктісіне арнаған. Арыстан жастар арасында Colorit бүркеншік есімімен танымал.

Қазір талантты жігіт Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының екінші курсында оқиды. Дара дарын иесінің репертуарында 15 авторлық әні бар. Ол әрбір туындының әні мен сөзін өзі шығаратынын айтады.

– «Алтын дискіні» маған әнді миллиондап жүктегенім және тректі көп тыңдағаным үшін берді. Бұл – музыкалық альбомдардың немесе синглдердің керемет сатылымы мен жетістіктері үшін музыкалық әртістер мен топтарға берілетін сыйлық. Бұл дыбыс жазу индустриясындаға зор жетістікті білдіреді, – дейді жас талант.

Арыстан өнерлі отбасында дүниеге келген. Оның анасы – дирижер, ал әкесі музыка мектебін басқарған. Жас музыкант бірнеше музыкалық аспапта ойнайды. Әуелете ән де шырқайды. Тіпті ол шоу-индустрияның түрлі бағытында өзін сынап көріпті. 2022 жылы Slava Marlow & Morgenshtern «Быстро» хитіне жазған кавер 45 миллион рет тыңдалды. Ол үшін өнерпаз қос «Платина дискісін» иеленген. Арманы асқақ, талпынысы зор Арыстан Әбілдиннің мұраты айқын.

Әлемдік сахнаны бағындырып, тыңдаушыларға қазақ әуендері мен әндерінің дыбысын африкалық ұрмалы аспаптар арқылы жеткізуді көздеп отыр музыкант.

– Атап айтқанда, маримбаның дыбысы ұнайды. Қазақстандық орындаушылар арасында Димаш Құдайберген жаныма рухани құндылықтарымен жақын. Маған оның қарапайымдылығы, ақылдылығы ұнайды. M ‘ Dee, Игорь Крутой, Бруно Марс және The Weeknd шығармашылығы да жақын, – деп атап өтті ол.

«Алтын диск» – Colorit-тің биылғы жалғыз жеңісі емес. Жақында ол TikTok платформасында ТМД елдерінің атынан байқауға қатысты. Ол ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен «Тым болмаса жай ғана күлімсіре» трекіне бейнебаян түсіріп, бірінші орынға қол жеткізді.

Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QН»