Жас мамандар шеберлігін танытты
«WorldSkills Karaganda 2025» өңірлік чемпионаты өз мәресіне жетті. Үш күнге созылған сайыста облыстың 39 колледжінен жиналған 286 жас маман 40-тан астам құзыреттілік бағытында өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетті.
Чемпионат барысында қатысушылар IT, графикалық дизайн, робототехника, кондитерлік өнер, мейрамхана ісі сияқты түрлі салаларда жарысты. 22 мамырда жас мамандар жобаларын аяқтап, нәтижелерін тәуелсіз сарапшылар мен өндірістік тәжірибесі мол мамандарға тапсырды.
Жарыстың алғашқы күнінен-ақ тартыс қыза түсті: қатысушылар теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, жоғары деңгейде кәсіби қабілеттерін паш етті. Сарапшылар олардың шығармашылық көзқарасы мен нақты әрі сапалы жұмыс істеу қабілетін жоғары бағалады.
WorldSkills чемпионаты — техникалық және қызмет көрсету салаларындағы мамандықтардың мәртебесін көтеру және дарынды жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылатын халықаралық деңгейдегі байқау. Биылғы чемпионат та өз миссиясын сәтті атқарып, кәсіби мамандардың жаңа буынына жол ашты.
Чемпионат жеңімпаздары Қарағанды облысының намысын алдағы «WorldSkills Kazakhstan» республикалық жарысында қорғайтын болады.
Осылайша, Қарағанды өңірі білім мен еңбекті негіз еткен заманауи даму жолында нық қадам басып келеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»