Жас маман – жаңа тәсіл
Педагогикалық емес жоғары білімі бар жас мамандар Қарағанды облысының ауылдық мектептерінде жұмыс істей алады. Жобаға қатысу үшін конкурс бойынша 49 адам іріктеліп алынды, олар қайта оқытудан тегін өтеді.
Екі ай бұрын облыстың Білім басқармасы «Teach for Qazaqstan» қоғамдық қорымен меморандумға қол қойды. Ынтымақтастықтың алғашқы нәтижелері туралы Білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова Facebook парақшасында мәлім етті.
«Меморандум шеңберінде білім беру саласына жоғары педагогикалық емес білімі бар жас мамандар тартылатын болады. Әзірленген шаралар оларды қайта даярлауға және келісімшарт кезеңі ішінде одан әрі сүйемелдеуге мүмкіндік береді.
«Teach for Qazaqstan» қорының өкілдері ауылдық өңірлер мен шағын қалалардың мектеп ұжымдарымен кездесу өткізді. Нәтижесінде педагогикалық кадрларға ерекше мұқтаж 15 серіктес мектеп анықталды. Конкурстық негізде 49 жас маман іріктелді. Оқудан өтіп, сертификат алғаннан кейін олар серіктес мектептерге жұмысқа орналасады», – деп жазды Қожахметова.
Білім басқармасы басшысының айтуынша, жобаға қатысушылар әдістемелік көмек алады. Оларды мамандар мен жаттықтырушылар қадағалайды.
Сонымен қатар жобаға енгізілген мектеп басшылары үшін біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады.