Жас маманға жаңаша қолдау

Мектеп пен колледждерде директорлардың тапшылығы байқалып отыр. Бұл туралы педагогтердің республикалық тамыз конференциясында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

— Алдағы уақытта мамандығы бойынша жұмыс бастайтындарға арналған жаңа жоба іске қосылады. Яғни, мектепке жаңадан келген әріптестеріміз үшін жыл бойы мамандықты меңгеру бағытында жеке бағдарлама болады. Олардың әрқайсысына жетекшісі бекітіледі. Осы орайда оқу жылы барысында жас маманға қолдау көрсетіледі. Жыл қорытындысы бойынша ары қарай жүргізілетін жұмыс жайында шешім қабылдаймыз. Яғни, жас маман жүктелетін қызметті толықтай орындауы үшін тиісті көмек көрсетіледі, — деді еліміздің бас мұғалімі.

Айтуынша, осы бағытта шетел тәжірибесі назарға алынатын болады.

— Шетелде жас маман келсе, оған сабақтар бойынша толық жүктеме берілмейді. Оның біліктілігін арттыруға көбірек мән беріледі және жас маман оқу орнындағы әріптестерінің сабағына қатысады. Дегенмен, осы жас мұғалімге толық жалақы төленеді. Алдағы жылдан бастап осы тектес жүйені елімізде енгізбекпіз, — деді министр.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА