Жас қаламгер кітаптарын таныстырды
Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында 10 жастағы қарағандылық Платон Нечаевтың кітаптарының тұсаукесері өтті. Ол өзінің сүйікті қаласы Қарағанды, оның тарихы туралы түрлі хикаялар мен кейіпкерлер негізінде заманауи ертегілер жазады.
– Платон – өте креативті бала, ол кішкене кезінен ерекше ойлайды. Мен өзім шығармашылық салада жұмыс істеймін, сол себепті ұлым үнемі ерекше оқиғаларға қатысып, көп саяхаттады және бірдеңе құрастырып, әлдене ойлап тауып жүретін. Оның сүйікті шығармаларының бірі – «Гарри Поттер», оны толығымен қайталап оқып та, көріп те шықты. Сонымен қатар оның шығармаларында фантастикалық кейіпкерлер де бар. Меніңше, балаларыңызды осындай істерде қолдау арқылы олардың дамуына мүмкіндік беру өте маңызды. Бүгінде балам кітаптарының тұсаукесерін Астанада өткізуге шақырту алды, сонымен қатар Парижде де тұсаукесер өткізуді жоспарлап отырмыз, өйткені оның бір кітабы Олимпиада чемпиондарына арналған. Мен ана ретінде оның осындай игі жобалар жасап жатқанын мақтан тұтамын. Ол кітабымды сатып, сол арқылы әлемге, адамдарға қандай да бір пайда тигіземін деген сеніммен қала туралы кітаптар сатылымынан түсер қаржының бір пайызын Қарағанды қаласын абаттандыруға жіберуді, ал Олимпиада чемпиондары туралы кітаптар қаржысының бір пайызын паралимпиадашыларды қолдау қорына жіберуді жоспарлап отыр, – дейді Платонның анасы Ирина Харитонова.
Анасының сөзінше, Платон туындыларына авторлық құқық алған, ал қазір олар басқа құжаттарды ресімдеумен айналысуда.
– Жоспарланған таралымы – 1000 дана, әрі қарай көре жатармыз. Бұл кітапханада жас авторларды қолдауға арналған арнайы бағдарламаның ашылғаны және оның шығармаларының сипаттамалары республикалық басылымдарға, газеттерге, сайттарға жіберілетіні өте жақсы. Бұл – балаларға арналған мүмкіндік, жалпы, біз қазір инвестиция мен қолдау іздеп жатырмыз, – деп атап өтті Ирина Харитонова.
Жас қаламгер жеке туындыларында тұңғиықтан от тауып, зұлым рухтармен күресіп, адал да шынайы достық пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің ғажайыптар тудыратынын дәлелдеген кішкентай да батыл қойшы Аппақ туралы жазған.
Платон Нечаевтың кітаптарында сиқырлы ағаштар адамдарға қала салуға көмектеседі. Ертегілерде сондай-ақ ержүрек батырлар (қар барыстары және механикалық протезі бар ақбөкен) бар, олар олимпиадалық армандарын жүзеге асырады. Платон жасанды зият арқылы шығармаларына иллюстрация жасайды.
– Кітаптарым Аппақ Байжанов, қараған өсімдігі, Олимпиада ойындары туралы. Қала тарихын ешкім ұмытпауы үшін өз қалам туралы, мәселен, біздің қаланың неліктен Қарағанды аталатыны жөнінде жаздым. Барлық кітапты өзім жаздым, Аппақ Байжанов туралы жазғанда кітаптардағы тарихқа аздап сүйендім, басқа кітаптарда бәрін өзім ойлап таптым. Мен кітаптарымды бірнеше ай жаздым. Ең ұзақ жұмыс жасаған кітабым – «Олимпиялық арманға апарар жол», ол 60-тан астам беттен және 50-ге жуық суреттен тұрады. Басқа кітаптарда шамамен 30-40 бет бар. Кітап оқығанда бір ой келіп, өз оқиғамды жазамын. Суреттерді ЖЗ арқылы таңдаймын, бірақ ол алғашында дұрыс шықпайды, оған әр кейіпкердің нақты сипаттамасы қажет. Мен Canva, AI Image Generator сияқты қолданбаларды пайдаланамын. Бірінші кітапты жасауға анам көмектесті, кейін қалғанын өзім жасадым, мәтінді өзім ойлап тауып жаздым. Болашақта Қазақстанның әр аймағы туралы осындай кітаптар шығарғым келеді, ол үшін алдымен олардың тарихын зерттеу керек, – дейді жас қаламгер Платон Нечаев.
Оның сөзінше, «Тұңғиықтан шыққан от» және «Қарағанды аңызы» кітаптары қазақ тіліне аударылған, қазір «Олимпиялық арманға апарар жол» кітабы да аударылып жатыр. Кітаптар сонымен қатар француз тіліне де аударылады. Елордада кітаптардың тұсаукесері тамыз айының ортасына жоспарланған, ал тамыз айының соңында Парижде таныстырмақ.
Құралай КӨБЕНОВА, «QH»