«Жария мүдделі ұйымдардың 2022 жылға арналған қаржылық есептілікті ұсыну қажеттілігі және бұзушылықтар анықталған жағдайда қабылданған шаралар туралы ақпарат»

Қазақстан Республикасының 28.02.2007 жылғы №234 «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Заңының (мұнан әрі – Заң) 19-бабына және «Қаржылық есептілік депозитарийін құру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 23.12.2008 жылғы №1228 Қаулысына сәйкес, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен оған қаржылық есептілікті ұсынатын жария мүдделі ұйымдар үшін қаржылық есептілік депозитарийі құрылды. Депозитарий деген жыл сайын ұйымдар ұсынатын жылдық қаржылық есептілік пен аудиторлық есептерді, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың корпоративтік оқиғалары туралы ақпаратты пайдаланушыларға ашық қолжетімділікпен қамтитын электронды деректер базасы (www.dfo.kz веб-сайты).

Заңның 1-бабына сәйкес, жария мүдделі ұйымдар: қаржы ұйымдары, акционерлік қоғамдар (коммерциялық емес ұйымдарды қоспағанда), жер қойнауын пайдаланушы ұйымдар (кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруші ұйымдарды қоспағанда) және жарғылық капиталында мемлекет үлесі бар ұйымдар, сондай-ақ шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындар. Қарағанды облысында депозитарийдің деректер базасында 294 жария мүдделі ұйым бар.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2022 жылғы 28 қаңтардағы №94 бұйрығымен бекітілген Депозитарийге қаржылық есептілікті ұсыну қағидаларының 3 және 4-тармақтарына сәйкес (мұнан әрі – Қағидалар), ұйымдар (есепті кезең ішінде әрекетсіз және есепті кезеңнің 1 қаңтарына дейін банкрот деп жарияланғандарды қоспағанда) жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 31 тамызынан кешіктірмей депозитарийдің интернет-ресурсы арқылы салалық заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген, депозитарий жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, уәкілетті болып айқындалған ұйымға жылдық қаржылық есептілікті ұсынады.

«Аудиторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес, аудит міндетті болатын ұйымдар Портал арқылы Уәкілетті ұйымға қаржылық есептілікпен бірге PDF (Portable Document Format) электронды форматтағы аудиторлық есепті (сканерленген көшірме, қол қойылған және қағаз жеткізгіштегі аудиторлық ұйымның мөрімен (болған жағдайда) куәландырылған) Қағидалардың 8-тармағында белгіленген тәртіппен ұсынады.

2022 жылы Қарағанды облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті (мұнан әрі – Департамент) депозитарийге жылдық қаржылық есептілікті уақытылы ұсынбағаны үшін 25 жария мүдделі ұйымды Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 239-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартып, 8 882,7 мың теңгеге айыппұл салынды. Қаржылық есептіліктің міндетті аудитін жүргізуден жалтарғаны және депозитарийге аудиторлық есеп ұсынбағаны үшін 9 жария мүдделі ұйым Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 250-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 382,9 мың теңгеге айыппұл салынды.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты Қарағанды облысындағы барлық жария мүдделі ұйымға 2023 жылдың 31 тамызына дейін депозитарийге 2022 жылға арналған қаржылық есептілік пен аудиторлық есеп ұсынуы тиіс екенін ескертеміз.

Б.Ж.Алтынбеков,

Қарағанды облысы бойынша

Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің

бас маман-мемлекеттік аудиторы