Жарақат алғандарға көмек күшейтіледі
Қазақстанда жарақат алған пациенттерге медициналық көмек көрсету жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. 2027 жылға дейін өңірлерде заманауи травматологиялық орталықтар желісін дамыту жоспарланған.
Бүгінде елімізде 81 травматологиялық пункт пен 4 мыңнан астам бейінді төсек-орын жұмыс істейді. Қарағанды мен Балқашта өңірлік травматологиялық орталықтар ашылған. Алдағы уақытта мұндай орталықтар өзге өңірлерде де іске қосылмақ.
Шұғыл медициналық көмек көрсету сапасын арттыруға да басымдық беріліп отыр. Жоспарға сәйкес, 210 шокқа қарсы кабинет заманауи Trauma room форматына қайта жарақтандырылады. Мұндай бөлімшелер жарақат алған науқастарға алғашқы медициналық көмекті жылдам көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жол-көлік оқиғалары жиі болатын қауіпті учаскелерде 69 тірек пунктін, ал туристік аймақтарда 60 маусымдық медициналық пункт ашу көзделген.
Мамандардың айтуынша, жүйені жаңғыртудың негізгі мақсаты – ауыр жарақат алған адамдарға медициналық көмекті барынша қысқа мерзімде көрсету және асқыну қаупін азайту. Сонымен бірге жарақаттанудың алдын алу шаралары да күшейтілмек.

