Жануарға қатыгездікке – қатаң жаза

Елімізде жануарларға қатыгездік көрсеткендерге қатысты жауапкершілік күшейтілмек. Мәжіліс депутаттары жануарларға аяусыз қарау, оларды қасақана жарақаттау немесе өліміне себеп болу жағдайлары үшін жазаны қатайтуға бағытталған заң жобасын әзірледі.

Жаңа құжатқа сәйкес, мұндай құқық бұзушылықтар үшін айыппұл көлемі бірнеше есеге артады. Жаза мөлшері әрекеттің ауырлығына қарай сараланып белгіленбек. Ал ауырлататын жағдайлар болған кезде кінәлі тұлғаға үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Сонымен қатар, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан да айыру қарастырылған.

Парламентте талқыланған бастама аясында Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген түзетулермен келісті. Сенаторлар құжатқа бірқатар нақтылаулар енгізіп, қаңғыбас жануарларды реттеу мәселесін жергілікті өкілді органдардың құзыретіне беру жөнінде ұсыныс жасаған.

Сонымен қатар заңда «қаңғыбас жануарлар» ұғымы нақтыланып, ветеринариялық қорытынды негізінде жануарды өлтіруге қатысты шешім қабылдау тәртібі айқындалды. Дегенмен, заңның негізгі тұжырымдамасы өзгеріссіз қалды.

Құжатта қаңғыбас жануарларды қайтарымсыз аулау моделі де сақталады. Бұл тетік жергілікті жерлердегі санитарлық және қауіпсіздік мәселелерін реттеуге бағытталған.

Жалпы алғанда, заң жобасының мақсаты – қоғамда жануарларға деген жауапкершілікті арттырып, қатыгездік жағдайларын барынша азайту.