Жанашыр жүрек – жарқын қоғамның негізі

Қоғамдық сананы өзгерту – белсенді азаматтардың қолында. Ел Президенті Жолдауында атап өткендей, әр адамның жауапкершілігі мен ұстанымы – өзгерістің бастауы. Осындай ұстанымды өмірлік мақсатына айналдырған жастардың бірі – Ақансері Оспан. Ол адамгершілік пен жанашырлықты ту етіп, табиғатты қорғау, адамдарға үміт сыйлау және қоғамға пайда келтіру жолында белсенді еңбек етіп келеді.

Қоғамға пайдасын тигізуді мақсат еткен жастардың бірі – Ақансері Оспан. Қарағанды облысындағы VolteQ волонтерлік корпусының үйлестірушісі болып жүрген ол студент кезінен-ақ еріктілікке бет бұрып, белсенді қызмет атқарып келеді. Бүгінде Ақансері – түрлі әлеуметтік жобалар мен қайырымдылық шараларының ұйытқысы. Оның түсінігінде волонтерлік – жай хобби емес, өмір салтына айналған құндылық.

– Кішкентай балалар мен үлкен кісілердің көзінен шынайы қуаныш пен алғысты көрген сәтте, бұл істі жалғастыруым керектігін терең түсіндім. Волонтерлік мен үшін жай ермек емес — бұл менің өмірлік ұстанымым. Көп қариялар қиын жағдайда өмір сүріп жатыр, ал оларға қолдау көрсеткен кезде мен де шын қуанышқа бөленемін, -дейді Қарағанды облысы VolteQ волонтерлік корпусының үйлестірушісі Ақансері Оспан.

Ақансері Оспан – айналасына жанашырлықпен қарайтын белсенді ерікті. Ол қарттар үйіне барып, жалғызбасты қарияларға азық-түлік жеткізіп, тұрмыстық көмегін аямайды. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» секілді экологиялық акцияларға да белсенді қатысады. Ақансері үшін басты мақсат – өзінен кейінгі буынға үлгі болу. Оның сенімінше, қоғамды жақсы жаққа өзгерту әркімнің өзінен басталады.

– Біз табиғаттан алыстасақ, өз болмысымыздан да алыстаймыз. Қоршаған ортаны таза ұстау – бұл тек биліктің емес, әрбір азаматтың адамдық парызы. Көшеде жүріп қоқыс көрсең, оны арнайы жәшікке салу қиын емес. Мұндай қарапайым әрекетпен-ақ табиғатқа деген қамқорлығымызды көрсете аламыз. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау – бәрімізге ортақ міндет. «Таза Қазақстан» акциясы аясында осы бағытта көптеген жұмыстар атқардық, – дейді ерікті.

Жақында әскер қатарына шақырылатын Ақансері Оспан бұл шешімді үлкен жауапкершілікпен қабылдады. Ол отан алдындағы азаматтық борышын адал орындауды парыз деп есептейді. Дегенмен, волонтерлік жолын мұнымен тоқтатпайтынын және қайырымдылық ісін жалғастыра беретінін айтады.

– Жақында Отан алдындағы борышымды өтеу үшін әскерге аттанамын. Онда да көптеген тәжірибе жинаймын деп сенемін. Қайтып келген соң да қайырымдылық жұмыстарымды жалғастырып, адамдарға көмектесуді тоқтатпаймын, – деп атап өтті Ақансері Оспан.

Қарағанды облысында 71 волонтерлік ұйым мен 4 125 ерікті бар. Осындай белсенділердің бірі – кейіпкеріміз, қамқорлығы мен жанашырлығы көпке үлгі. Сондықтан да ол өмірлік ұстанымы ретінде осындай қайырымдылық пен жауапкершілікті басты қағида етіп алады.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»