Жан Ақжановтың фотокөрмесі

Облыстық бейнелеу өнері музейінде Жан Ақжановтың «Қазақстанды сүю» республикалық фотокөрмесі ашылды. Туризм, білім, мәдениет бағытындағы фотокөрмеде тарихи ескерткіш, танымал жерлердің тамаша көрінісі кескінделген.

«Қазақстанды сүю» республикалық фотокөрме-жобасының авторы – танымал қазақстандық жазушы, публицист және көркем әдебиеттің насихаттаушысы, қоғам қайраткері Жан Ақжанов. Жоба еліміздегі туризмді, білім беруді және мәдениетті дамытуға бағытталған. Айта кету керек, «Қазақстанды сүю» жобасы Қазақстан бойынша Қарағанды облысынан бастау алып, кейіннен республика көлемінде таралады деп жоспарлануда.

– Мен көпшіліктің, әсіресе жастардың, фотокөрмелер арқылы өз Отанын танып-білгенін қалаймын. Тіпті әр оқушы өз фото көрмесін жасауы керек. Бұл – өрт сөндірушілер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер сияқты әртүрлі мамандық иесімен жастарды таныстырудың бір жолы. Фотокөрме жасау адамның жан-жақты дамуына ықпал етеді. Себебі, науқастардың немесе өрт сөндірушілердің бейнесін суретке түсіргенде өмірді басқа қырынан сезіне бастайсыз, – дейді жоба авторы Жан Ақжанов.

Осы мақсатпен Жан Ақжанов екі жыл бойы елдің әрбір өңірін аралап, Қазақстанның ең көрікті жерлерін, тарихи орындарды, сәулет ескерткіштерін және діни қасиетті орындарды суретке түсіріп, фототуындылар жинағын көбейтуде. Еліміздің көз тартар әсем табиғаты мен тарихи мұраларын көрермендерге көрсетіп, туған жердің сұлулығын паш ету арқылы көрермендерді отаншылдыққа баулуды көздейді. Көрмені тамашалаушылар өз өлкесінің көрікті жерлерімен жақынырақ танысып, еліміздің әдемілігіне тамсана алады.

«Қазақстанды сүю» фотокөрмесінде ұсынылған 50 фототуынды әрқайсысы Қазақстанның әр өңірінен сыр шертіп, түрлі саладағы өмір көріністерін көрсетеді. Онда табиғаттың әсем көріністері, экономикалық және медициналық нысандар, өндіріс ошақтары мен түрлі қызмет саласының өкілдері бейнеленген. Қарағанды облысынан бастау алған бұл көрме республика бойынша басқа өңірлерде де ұйымдастырылып, әр аймақтың тұрғындарына көрсетілетін болады.

– Фотокөрменің авторы Жан Ақжанов Қазақстанның әр өңірінен ерекше суреттерді түсірген. Ол осы еңбектері арқылы әр аймақтың көркін, ондағы табиғи орындарды, еңбек адамдарын, өнеркәсіп пен өндіріс салаларын насихаттауда. Бұл көрме арқылы біз еліміздің тыныс-тіршілігі мен әсем табиғатынан сыр шертетін бейнелерді тамашалай аламыз. Көрме Қарағанды облысынан бастау алып, енді басқа өңірлерге жол тартады. Көрменің мақсаты – ел тұрғындарына туған жердің әсемдігін көрсетіп, отаншылдыққа тәрбиелеу, – деп атап өтті Облыстық бейнелеу өнері музейінің басшысының орынбасары Мейрамгүл Елубаева.

Фотокөрме арқылы Жан Ақжанов әр аймақтың өзіндік ерекшеліктерін, мәдениеті мен табиғатын паш етіп, қазақстандықтарды туған елінің әсемдігін бағалауға және құрметтеуге шақырады. Көрме еліміздің түкпір-түкпіріндегі тұрғындарға Қазақстанның байлығын, әсем табиғаты мен еңбекқор халықтың өмірін көрсету арқылы үлкен әсер қалдыруды көздейді.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,                                     

«QH»