«Жалпы еліміз бойынша «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына сәйкес 2025 жылға дейін атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларын 20%-ға төмендету көзделген» — экология министрі

Экология министрі Серікқали Брекешев республиканың оңтүстік өңірлеріне жұмыс сапары барысында Шымкент қаласының тұрғындарымен және үкіметтік емес ұйымдардың, қауымдастықтардың өкілдерімен кездесті.


Министр өз сөзінде жалпы республика бойынша министрлік қызметінің негізгі мәселелерін, сондай-ақ Шымкент қаласы бойынша мәселелерді сөз етті.
Мәселен, қаланың ірі ластаушыларының бірі — «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС мұнай өңдеу зауыты. Бірақ қазіргі уақытта зауыт толық жаңғыртудан өтті, тазарту құрылыстарын жаңғырту сияқты бірқатар ірі табиғат қорғау іс-шаралары іске асырылды, күкірт өндірісі құрылғысы пайдалануға берілді және т.б. Мұның бәрі атмосфераға зиянды заттардың шығарылу деңгейін барынша төмендетуге мүмкіндік береді.
«Жалпы еліміз бойынша «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына сәйкес 2025 жылға дейін атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларын 20%-ға төмендету көзделген. Ластаушы заттар шығарындыларының лимиттерін өзгерту бойынша жобалық материалдар келісу сатысында», — деді министр.
Жол картасында Шымкент қаласының экопроблемаларын шешу бойынша 29 іс-шара көзделген, оның 10-ы орындалды. Жасыл екпелерді паспорттау жүргізілді, кең таралған пайдалы қазбалардың карьерлерін өңдеу кезінде бұзылған 3 кен орнының жерлері қалпына келтірілді, Шымкент қаласының жеке секторын газдандыру жалғасуда, қалалық жолаушылар көлігінің сығымдалған газға кезең-кезеңімен көшуі жүзеге асырылуда.
Сондай-ақ, қаланың кейбір шағын аудандарында жеке үй құрылыстарында орталық канализацияның болмауына байланысты тұрмыстық ағынды сулар жер асты және жер үсті суларын ластайтын шұңқырларға төгілетіні сөз етілді.
«Осыған байланысты, жұмыс істеп тұрған КТҚ аймақтарынан басқа шалғай аудандарда тазарту құрылыстарын салу мәселесін зерттеу қажет. Сондықтан қала әкімдігі тұрғын үйлерден жер үсті су объектілеріне тұрмыстық ағындарды төгуді болдырмау мәселесін пысықтауы қажет», — деп пысықтады ведомство басшысы.
Қалдықтарды басқару саласында Шымкент қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесі ағымдағы жылдың 9 айында 26,7% -ды құрады, бұл орташа республикалық деңгейден (24%) жоғары.
Сонымен қатар, космомониторингтің көмегімен 45 заңсыз қоқыс орны анықталған, алайда әкімдіктің ақпараты бойынша олар толығымен жойылды.
«Жалпы, аталған мәселелерді шешу үшін әкімдік өңірдегі коммуналдық қалдықтарды басқару жағдайы туралы халықты хабардар ете отырып, шағын және орта бизнес субъектілерін коммуналдық қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу саласына белсенді түрде тартуы қажет. Сонымен қатар, кешенді жұмыс үшін әкімдік коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеп, бекітуі қажет», — деп түйіндеді С.Брекешев.
Сонымен қатар, елді мекендерді көгалдандыру мәселелері айтылды. Атап айтқанда, Шымкент қаласында биыл жоспарланған 120 мың дана ағаштың 166,3 мың данасы артығымен отырғызылды.