Жалпыға бірдей декларация
Биылғы жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі қолданыста. Декларациялау талап-тәртібіне орай биыл заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары 15 қыркүйекке дейін декларация ұсынуға міндетті. Салықтық міндетке салғырт қарамау керек.
Елімізде жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылдың 1 қаңтарынан кезең-кезеңмен енгізілуде. Декларациялаудың негізгі міндеті – әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру. Яғни декларация жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құруға, сонымен қоса сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге негізделген. Бұл ретте жалпыға бірдей декларацияны елімізде тиімді енгізу тәсілдері де қарастырылған. Соңғы үш жылда елімізде декларация 4 кезеңмен қолданысқа енгізілуде.
– Жалпыға бірдей декларациялау елімізде 4 кезеңмен енгізіледі. 2021 жылдан бастап бірінші кезеңі болса, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап активтер мен міндеттемелерді декларациялау ұсынылды. Жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адамдар және олардың жұбайлары. Мемлекеттік функцияны орындауға уәкілеттілік берілген адамдар және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттілік берілген адамдарға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары, – деп атап өтті Мемлекеттік кірістер департаментінің Қазыбек би ауданы бойынша басқармасының бас маманы Камила Қалиақпар.
Ал биыл 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың 3-кезеңі басталды. Үшінші кезеңде заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары биылғы жылдың 15 қыркүйегіне дейін декларация ұсынуға міндеттелген. Декларацияларды «Салық төлеушінің кабинеті», «Электронды үкімет» порталы, сондай-ақ «e-Salyq Azamat» және «Egov mobile» мобильді қосымшаларын жүктеу арқылы тапсыруға болады. Айта кетері – келер 2025 жылдан бастап азаматтардың барлық санаты декларация тапсырады. Декларацияны өткізу мерзімі 15 қыркүйекке дейін. Осы ретте Мемлекеттік кірістер департаменті мамандары 3 кезең бойынша жалпыға бірдей декларация тапсыруға жауапты тұрғындарымызды салықтық міндетке салғырт қарамауға шақырады. Салық кодексінде белгіленген мерзімде жеке тұлға активтері мен міндеттемелері туралы және кірістері мен мүлкі туралы декларация ұсынбаса, әуелде алдын ала ескерту жолданып, одан кейін айыппұл салу қарастырылған.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»