Жалақыны жұмыспен қамту орталықтары субсидиялайды

Еңбек министрлігі «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізбек. Құжат «Ашық» нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды.

«Арнайы жұмыс орындарын құруға байланысты жұмыс берушілерді субсидиялау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды халықты жұмыспен қамту орталықтары жергілікті бюджет есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырады. Мұнымен қатар Халықты жұмыспен қамту орталығы мүгедектігі бар адамдардың еңбегіне ақы төлеуді субсидиялайды», – делінген бұйрықта.

Айта кетейік, бұрынғы тәртіп бойынша, субсидиялау республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатын еді. Сонымен қоса жаңа өзгерістер негізінде енді мүгедектігі бар адамдар мен жұмыс беруші арасындағы еңбек шарты 3 жылға жасалады. Бұрын мұндай норма болмаған еді.

Жаңа қағида бойынша, халықты жұмыспен қамту орталықтары ерекше күтімді қажет ететін жандардың мына мөлшердегі жалақысын субсидиялайды:

– жұмысқа орналасқан алғашқы 12 айда жалақы мөлшерінің 70%-ы, бірақ 30 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) аспайды;

– жұмысқа орналасқан 13-айдан бастап 24-айға дейін жалақы мөлшерінің 65%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;

– жұмысқа орналасқан 25-айдан 36-айға дейін жалақы мөлшерінің 60%-ы, бірақ 30 АЕК-тен аспайды.

Бұйрықты ашық талқылау 5 желтоқсанға дейін жалғасады.