Жаңа жылдық ғажайып

Қиял әлеміне саяхат! Қарағандылық музыкант Валерий Роголев өз рекордын жаңартып, жаңа жылдық ертегі қаласын жасап шығарды. Бұл жолы оның жұмысы алдыңғыларынан бірнеше есе ауқымды. Енді ертегідей қысқы қалада қиялға ерік беріп, шытырман оқиғаларға толы саяхат жасауға болады. Таңғажайып инсталляция тұрғындарды ерекше атмосфераға бөлеп, мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Тек осы ертегідей қалада, уақытты ұмытып, тоқтаусыз серуендеуге болады. Мұнда пингвиндер мен ақ аюлар бейбіт өмір сүріп, Аяз ата резиденциясының жанында қатар жайғасқан. Ал аспандағы бұғылар мұз айдындары, көпірлер мен аттракциондардың үстімен ұшып өтіп, жаңажылдық балға асығады.

– Бұл менің ең үлкен, әрі ең ауқымды инсталляциям деуге болады. Ені 2 метр, ұзындығы 6 жарым метрды құрайды. Жасау барысы да оңай болды деп айта алмаймын. Ішіндегі ең қиыны құрылым арасынан жарық жүргізіп, мерекелік көңіл-күй сыйлау болды, – дейді инсталляция авторы Валерий Роголев.

Алғашқы инсталляциясын қарағандылық музыкант, Кеншілер сарайының қызметкері Валерий Роголев 2022 жылы мүлдем кездейсоқ жасаған. Үйде шырша безендіру ішін пыстырып жібергендіктен, ол қысқы шағын қала құруды ойлап тапқан. Сол кезден бастап, әр мейрам сайын ол тұрғындарды жаңа инсталляцияларымен қуантады.

– Мерекелік кейіпкерлер, үйлер, көшелер мен көпірлер сияқты элементтерге арналған дайындық жұмыстары жыл бойы жүргізіледі. Кейін жасалған жұмысымды Абай атындағы кітапханаға алып келемін. Яғни осы жерде инсталляцияға арналған түрлі құрылымды біріктіріп, инсталляцияны аяқтаймыз, – деп бөлісті Валерий Роголев.

Валерийге барлық бастамаға жұбайы қолдау көрсетіп, көмектеседі. Ол әрбір фигураға ерекше көрініс беріп, оларды бояп, әдемі киімдермен безендіреді. Бұл ғажайып қалашықты тек балалар ғана емес, ересектер де ұзақ уақыт тамашалайды. Одан әрі қызықты болуы үшін Валерий түрлі жұмбақты да ойлап тапқан.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,                                     

«QH»