Жаңа жұмыс орындары ашылады

Қарағанды облысындағы «Saran» индустриялық аймағының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Әйтсе де инвесторлар құрылыс жұмыстарының аяқталуын күтпестен, қазірдің өзінде өндірістік аймақтан өздеріне лайық орын алуға ұмтылуда. Бұл – жобаға кәсіпкерлер тарапынан жоғары қызығушылық барын аңғартатындай. Мәселен, алдағы уақытта құрылыс жұмыстары жүріп жатқан шина зауытына металлургия саласына қатысты тағы үш жаңа жоба қосылмақ. Сондай-ақ тағы бір жоба талқылануда. Яғни үндістандық фармацевтикалық компания аймақта өндіріс ашуға қызығушылық танытып отыр.

– «Saran» индустриялық аймағына инвесторлар тарту бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. Аймақтық үйлестіру кеңесі жаңа үш жобаны мақұлдады. Олар: полимермен қапталған мырышталған болат илектеу зауыты, электрлі дәнекерлеу құбырларын өндіру және ыстық мырыштау зауыты. Бұл жобалар жоғары технологиялық мүмкіндіктерге ие. Онда металлургия саласындағы заманауи жетістіктер қолданылатын болады. Өндірілетін барлық өнім импортты алмастыруға және экспортқа бағдарланған, – дейді «Сарыарқа» ӘКК «Saran» ИА басқарма департаментінің директоры Жақсылық Ахметбеков.

Оның айтуынша, өндірістерді орналастыру үшін жер учаскелері беріліп, компаниялар жобалауға кірісіп кеткен. Жаңа зауыттардың құрылысы 2023 жылы басталады.

Индустриалды аймақтың ауданы 207 га. Бұрын ен дала болған аумақта қазір жұмыс қызу жүріп жатыр. Онға жуық мердігер ұйым инженерлік инфрақұрылым объектілерін салуда. Электр, су және газбен жабдықтау желілері, кәріз және жергілікті сорғы станциялары қарастырылған. Теміржол тұйықтары және асфальтты айналма жол болады.

Ал газ желілері бойынша бір нысан аяқталды, екіншісі тапсырылады.

Есептерге жүгінсек, Сарандағы индустриялық аймақ шамамен 230 млрд теңге инвестиция ағынын қамтамасыз етеді және 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болады.

Айта кету керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы жұмыс сапары барысында «Saran» индустриялық аймағының инфрақұрылымын шетелдік компаниялардың шоғырлануына ыңғайлап жасауды тапсырған болатын.

– Мемлекеттің міндеті – орта және жоғарғы бөлініс тауарларының өндірісін ұлғайтуға қолайлы жағдай жасау.

Қарағанды облысында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы мен «Saran» индустриялық аймағының аумағында келешегі бар бірқатар өнеркәсіп жобасы іске асырылып жатыр, ірі кәсіпорындар іске қосылды. Олар шетелдік компаниялардың шоғырлану алаңы бола алады және солай болуы керек. Тек тиісті жағдай жасалуы қажет, – деді Президент өңір жұртшылығымен кездесуі барысында.

Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жұмыстар келер жылы мәресіне жетуі керегін тапсырды.

– Үкіметке 2023 жылы «Saran» индустриялық аймағының инфрақұрылымын қалыптастыруды аяқтау тапсырылады, – деді Мемлекет басшысы.