Жаңа жүйе – әділетті қоғам қалыптастыру тетігі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы тапсырма берілді.

 

Бұл бастама жергілікті өзін-өзі басқару институттарының жаппай практикасын енгізу арқылы мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыруға арналған саяси реформалар пакетін іске асыруды көздейді. Жергілікті және өзін-өзі басқаруды реформалау бірқатар стратегиялық міндетті шешуге бағытталған.

Біріншіден, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауды ашық мемлекеттік басқару қағидаты және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға бағыттау. Екіншіден, азаматтардың ауыл-аймақтарды дамытуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысуын кеңейту. Үшіншіден, атқарушылық және заңнама өкілеттіктерін төменгі сатыдағы мемлекеттік басқаруға кезең-кезеңімен беру және ауыл әкімдерін тікелей сайлау кезінде партиялардың өкілеттіктерін кеңейту арқылы саяси бәсекелестікті дамыту.

Президенттің әділетті қоғам құру жолындағы бұл реформасы демократияның жаңа бір үлгісіне көшуге ынталандыратыны сөзсіз. Аудан, қала әкімдерін халықтың сайлауы сол реформаның ең тиімді тұсы болғалы тұр. Өйткені бұған дейін аудан, қала әкімдерін аудандық, қалалық мәслихаттар сайлап келді. Ал мұндай азшылық арқылы жүзеге асқан сайлауда жергілікті халықтың қалауы толық қамтылды деп айта алмасың белгілі. Ендігі жерде халық лайықты кандидатын ашық сайлау құқығына ие болмақшы. Биылғы жылғы Мәжілістің аралас сайлау жүйесімен құрылуы осының алғышартына айналды.

Аудандық, қалалық мәслихат депутаттарының мажоритарлы әдіспен сайлануы аудан, кейін қала әкімдерін сайлауда да ашық қоғам жобасына негіз болады деп ойлаймын. Жалпы, конституциялық реформалардың бірізділікпен жүзеге асуы қуантады. Былтырғы жылдан бері 1000-нан астам ауыл әкімі осы жоба арқылы сайланды. Бұл сайлау жүйесі бойынша да өңіріміздің бірқатар ауылының әкімі сайланды. Бұрындары партиялар тарапынан ұсынылған кандидаттардың үлес салмағы басым болатын. Қазіргі таңда бұл бірте-бірте ығысып, өзін лайықтымын деген тұлға сайлауға қатыса алатын деңгейге жетті. Биыл елімізде аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында мәлімдеді.

«Небәрі бір жылда мұндай ауқымды жұмысты іске асыру – нағыз жасампаз жұрттың ғана қолынан келетін шаруа. Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс. Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша биліктің барлық институты жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды», – деген болатын Президент.

Бұл – Президенттің әділетті қоғам құрудағы реформаларының сәтті жүзеге асып жатқанын аңғартады. Мұндай сайлау жүйесі ауыл, аудан, қала әкімдерін сайлау кезінде заманауи үлгіде ауыл мен ауданды, қаланы дамытуға қауқарлы жаңа басшының келуіне жол ашады деп білемін.

Бұл жүйені елімізде ашық қоғам құруға деген талпынысымыз деп бағалаймын. Осы талпынысымыздың нәтижесін көруде кедергілерге жол берілмесе, лайықты әкімдердің басқару жүйесіне келетініне кәміл сенемін.

Халық даналығында «Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген бар. Ал әкім өзін сайлаған көпшіліктің алдында жауапкершілікті сезініп, сенім үдесінен шығу жолында аянып қалмайтыны анық. Сондықтан игі бастаманы халық пен билік арасындағы дәнекер деуге толық негіз бар.

Сәкен Смағұл,

«КәсіпҚорған» кәсіподағының

техникалық инспекторы