Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің негізі

Облыс орталығында «Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің негізі» атты тақырыпта қоғам өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Басқосу барысында Конституцияның ел дамуындағы маңызы мен оның қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлі сөз болды. Шараға саяси партиялардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері және белсенді жастар қатысты. Қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын білдірді. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту мәселелері талқыланды.

Еліміздегі негізгі қоғамдық-саяси күштер бас қосып, Жалпыұлттық коалиция аясында топтасты. Оның құрамына бес ірі саяси партияның өкілдерімен қатар, миллиондаған азаматтың мүддесін қорғайтын 300-ден астам қоғамдық ұйым кірді. Өңірімізде 387 адамнан тұратын 14 штаб құрылып, олар 7 бағыт бойынша жұмыс істейді. Негізгі мақсат – жаңа Конституция жобасының мазмұнын халыққа кеңінен түсіндіріп, оның мән-маңызын жеткізу.

– Республикалық референдум қарсаңында барлық саяси партия бірігіп, Халықтық коалиция құрды. Оның басты мақсаты – күш біріктіре отырып референдумды ұйымдасқан түрде өткізу және ел азаматтарының белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар ешкімнің бейжай қалмай, өз ұсынысы мен пікірін білдіруге толық мүмкіндігі бар екенін халыққа кеңінен түсіндіру көзделіп отыр, – деді Конституциялық комиссияның мүшесі Бекзат Алтынбеков.

Конституциялық комиссия мүшесі Бекзат Алтынбеков ашық кездесу барысында қатысушыларға құжаттың басты бағыт-бағдарын кеңінен түсіндірді. Ол Ата заң жобасында әділеттілік пен заң үстемдігі қағидаттарына, сондай-ақ қоғамдық келісімді нығайтуға айрықша мән берілгенін атап өтті. Жаңартылған, заманауи талаптарға сай Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін жетілдіруге, сонымен бірге өңірлердің дамуына тың серпін беруге бағытталған. Кездесу барысында негізгі заң жобасы қоғам өкілдерінің қатысуымен ашық әрі жан-жақты талқылау арқылы дайындалғаны да ерекше айтылды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат – елдің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды шешімдердің бірі. Сонымен қатар жаңа Конституцияның мәтіні ресми түрде жарияланып, халықтың жан-жақты танысуына мүмкіндік жасалды. Азаматтарға оның мазмұнын зерделеп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бір ай уақыт беріліп отыр, – дейді Бекзат Алтынбеков.

Штаб мүшелері конституциялық реформалардың мән-маңызын түсіндіру мақсатында алдағы республикалық референдумға дейін ауқымды ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізбек. Бұл кездесулер кәсіпорындарда, түрлі ұйымдарда және жастар арасында ұйымдастырылады. Сонымен қатар шалғай елді мекендер де қамтылып, тұрғындарға жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Өйткені әрбір қазақстандықтың пікірі мен дауысы ерекше маңызға ие.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»