Жаңа облыстың жаңалығы: Ұлытауда – маңызды бастамалар

Ширек ғасыр бойы бір шаңырақ астында болған Жезқазған аймағы енші алып, Ұлытау облысы болып қайта құрылды. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған жаңа облыс құру бастамасы қоғамның қолдауына ие болып, көпшілікке қуаныш сыйлады десек, артық айтқандық емес. Әсіресе дамуы кенжелеп қалған Жезқазған өңірінің жұртшылығы тақияларын аспанға атып ерекше шаттыққа бөленді. Солай болар жөні де бар. Өйткені алып облыстың құрамында болған кезде бұл өңірдің дамуы кенжелеп, инфрақұрылымы айтарлықтай тозып кеткен еді. Енді соны қалпына келтіретін, келешекке нық сеніммен қадам басар сәт туды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытау облысын құру туралы Жарлығы жарыққа шыққалы да бір ай мерзім өте шықты. Осы уақыт ішінде жаңа облыста не өзгерді? Қандай маңызды бастамалары бар? Қай бағытта дамиды? Саралап көрсек…

Кадрлар қайта жасақталды

Кеңес дәуірінен мұраға қалған «кадр бәрін шешеді» деген сөз бар. Авторы қанқұйлы көсем Иосиф Сталин деседі. Қанқұмар адамның аузынан шықса да, өзектілігі жойылмаған сөз. Өйткені қашан да қай саланың дамуы ең алдымен өз ісін жетік білетін, жұмысқа жанын салып кірісетін азаматтардың қолында болған. Солай қала берері де анық. Күні кеше ғана жаңа облысқа әкім болып Берік Әбдіғалиұлы тағайындалған еді. Бұрын да осы аймақта лауазымды қызметтер атқарып, басшылық жасаған азамат. Өңірдің тынысын, халықтың көзқарасын жақсы біледі. Ел алдындағы беделі де жоғары. Халық бұл тағайындауды құп көрді, қолдау көрсетті. Екінші кезекте облыс әкімдігінің басқару схемасы бекітіліп, әкім орынбасарлары, аппарат жетекшісі және басқарма басшыларының міндетін атқарушылар тағайындалды. Жалпы алғанда, Ұлытау облысында жаңадан 18 басқарма құрылады. Қызметке тағайындалған азаматтардың барлығы – Ұлытау-Жезқазған аймағының тумалары, осы өңірдің азаматтары. Бұл да – маңызды факторлардың бірі. Өйткені аймақтың даму көрсеткіші тым төмен. Әсіресе соңғы жылдары халық саны күрт азайып, экономикалық көрсеткіштер кері динамика көрсеткен-ді. Енді оны қайта қалпына келтіру, жаңа бастамалар көтеріп, жұртшылықты ортақ іске жұмылдыру ісін осы өңірдің жайын жақсы білетін өз азаматтары қолға алғаны құба-құп.

Тағы бір айта кетерлігі – кадрлар жасақтау «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 27-бабы талаптарына сай конкурс негізінде жүргізілді. Мемлекеттік әкімшілік қызметтің бос орындары туралы хабарландыру белгіленген тәртіппен шамамен екі аптадан кейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында жарияланды.

«Әкімдікке жаңа ғимарат қажет емес»

Жаңа облыстың орталығы – Жезқазған қаласы. Бұрын да облыс орталығы мәртебесін иеленген қала. Қазір негізгі күш те қаланы дамытуға бағытталып отыр. Өйткені аймаққа келген азаматтар ең алдымен осында табан тірейді. Бір сөзбен айтқанда, облыстың айнасы. Бұл мәселеге Берік Әбдіғалиұлы да назар аударып, қаланы абаттандыру бағытында бірқатар тапсырма берді. Ең алдымен қаладағы барлық аялдаманың сырты қапталып, жылу ұстайтын павильон түрінде жаңартылады. Бұдан бөлек көше шамдары жаңартылып, жарықтандыру жүйесін дамыту қолға алынбақ. Қаладағы көрнекті орындарды қайта қалпына келтіру мәселесі де назардан тыс қалмайды. Аймақ басшысы облыс орталығын аралау барысында ең көрікті орындарының біріне жататын музыкалы субұрқақтың жұмысын реттеуді тапсырды. Сондай-ақ субұрқақ айналасындағы сауда-саттық орындарының бірізділігіне мән беріліп, балалар ойынына арналған құралдардың қауіпсіздігі тексеріледі. Бұдан бөлек «Жастар сарайы» ғимараты алдындағы гүлзар қалпына келтіріліп, «Жезкиік» фестивалі өткен концерт алаңы және Ауған соғысы ардагерлеріне қойылған ескерткіш айналасы абаттандырылады. Аудандағы балалар алаңын жаңалау, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарды қалпына келтіру, арамшөптерден тазарту бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынбақ.

Сонымен қатар қаладағы «сақалды» құрылыстар мәселесі де ескерусіз қалмайды. Қаңырап тұрған нысандар жөнделіп, халық игілігіне беріледі. Келешекте жаңа нысандар салу да жоспарға қойылған. Әйтсе де облыс әкімдігі үшін арнайы ғимарат соғылмайды. Бұл жаңалыққа әуелде жұрт таңырқай қарап, сан саққа жүгірткен еді. Мәселенің мәнісін аймақ басшысының өзі түсіндіріп берді.

– Бұрын облыс орталығы болған біздің қалаға ондай ғимарат салудың қажеті жоқ. Қазір қалалық әкімдіктің бұрынғы ғимараты жөнделіп жатыр. Құрылыс аяқталған соң, олар сонда көшеді. Ал облыстық әкімдік өзіне тиесілі ғимаратқа орнығады. Әрі біздің аппаратта 251 адам ғана болатыны да ескерілгені жөн. Бізге республикалық мекемелердің жергілікті өкілдіктеріне, сот пен прокуратура сияқты құқық қорғау органдарына жаңа ғимараттар салу керек. Ол құрылыстарды да әрқайсысының өз басшылықтары жүргізіп, республикалық бюджеттің есебінен іске асырады. Біздің міндетіміз сол нысандарға қажетті жер бөліп берумен шектелмек. Облыстық әкімдікке, оған қарайтын басқармаларға бұрыннан бар ғимарат жеткілікті, – дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Аймақтың экономикалық әлеуеті қандай?

Шыны керек, жаңа Ұлытау облысы құрылады деген хабарға тосырқай қарап, аймақ келешегіне күмән білдірген жандар да болды арамызда. Бұған бұрын Жезқазған облысының құрамында болған Ақтоғай, Шет аудандары мен Балқаш қаласы тұрғындарының Ұлытауға қосылудан бас тартып, Қарағанды облысының құрамында қалғысы келгені де айтарлықтай ықпал еткені анық. Тұрғындар өтініші қанағаттандырылып, жаңа облыс екі аудан мен үш қаланың аумағында құрылды. Халық саны да айтарлықтай аз. Әйтсе де бұл – өңірдің дамуына кедергі келтірмеуі тиіс. Өйткені жаңа облыста экономиканың қай саласын болмасын дамытып әкетуге қажет мүмкіндіктер мол.

Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Нұрболат Құрметұлының пікірінше, ең алдымен облыс орталықтарындағы инфрақұрылымды дамытып, экономиканы әртараптандыруға ерекше зейін қойылуы керек.

– Жезқазған қаласында түсті металлургияда жоғары бөліністерді дамыту үшін әлеует бар. Бұдан басқа жаңа әкімшілік мәртебені ескере отырып, қалада экономиканың IT-секторын, ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды, оның ішінде жас мамандарды жұмыспен қамтудың перспективалық бағыттары ретінде электронды сауда құру және дамыту мәселесін пысықтау қажет, – дейді Нұрболат Құрметұлы.

Расымен де, қазірдің өзінде аймақта еліміздегі ең ірі кәсіпорын – «Қазақмыс» корпорациясы орналасқан. Бұдан бөлек бұрын әрқайсысы жеке өндіріс ошағы ретінде әйгілі болған Қаражал, Жәйрем, Жезді, Қарсақбай сынды өңірлер бар. Бұл аймақтардың дамуына серпін берілсе, жаңа облыстың экономикасы да тез көтеріліп, халықтың әлеуметтік ахуалы да оңалар еді. Оның үстіне, облыстың қос қанаты іспеттес Ұлытау мен Жаңаарқа аудандары да агроөнеркәсіп бойынша алдыңғы қатарда тұр. Бұл – облыстағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар сыртқа ауылшаруашылық өнімдерін саудалау арқылы табыс табуға мүмкіндік береді. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, бұл бағытта кешенді шаралар қабылданып, әлеуетті жобалар қолға алынбақ.

– Ұлытау мен Жаңаарқа аудандарының аграрлық әлеуетін толық игеруге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырмақпыз. Күні ертең шаруалар өсірген малының етін, сауған сүтін өткізе алатындай кәсіпорындар керек болады. Қазір де олардың қажеттілігі білініп-ақ тұр. Сол үшін де тез арада Жезқазғанда ет комбинатын, Жаңаарқада сүт өңдеу зауытын іске қосуымыз керек. Біздегі ауылдардың басым көпшілігі мал өсіріп отырғанын ескерсек, шаруаларымызға мал басын көбейтетіндей жағдай жасауымыз қажет. Таяуда фермерлермен кездесіп, олардың көкейінде жүрген көп сауалды тыңдадық. Енді сол айтылған дүниелерге құлақ асып, асырап отырған түліктерінің еті мен сүтін ғана емес, жүні мен терісін де тиімді бағаға өткізуіне, жем-шөптен, техникадан, тыңайтқыштан тапшылық болмауына бар күш-жігерді жұмылдыра алсақ қана оң нәтижелерге қол жетпек, – дейді Берік Әбдіғалиұлы.

Бұдан бөлек аймақтың ең үлкен әлеуетінің бірі – туризм. Ұлт ұясы атанған Ұлытау жерінде жарты әлемді жаулаған Шыңғыс ханның ұлы Жошы ханның мазары жатыр. Әлем жұрты қабірі қайда қалғаны белгісіз ұлы қағанның тарихына қызығып, қазіргі Моңғолия жеріне жиі барады. Жалпы алғанда, Шыңғыс ханның төрт ұлының арасында тек үлкен ұлының ғана мазары сақталған. Ол қазақ жерінде жатыр. Бұл – туризмді халықаралық деңгейде дамытуға, этнотуризмнің өрістеуіне жол ашуы тиіс. Әрине, ол үшін тарихи жәдігерлердің орналасқан орны көрсетілген бірыңғай туристік маршрут әзірленіп, баратын жолдар салынып, инфрақұрылым дамуы керек. Бұл жұмыстар да алдағы уақытта жүзеге асатын басым жобалар сапында.

Жаңа облыстың бюджеті аз

Әрине, істелетін жұмыс, атқарылар міндет ауқымды. Әйтсе де биыл жаңа облысқа бөлінетін қаражат көлемі Қарағанды облысына қарағанда 15 есе аз екен. Аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы Президенттен 501 миллиард теңге қаржы сұраған еді. «Атамекен» бизнес арнасының дерегінше, биыл Ұлытауға бар болғаны 35 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінбек.

Әлгінде атап өткеніміздей, соңғы 25 жылда Жезқазған қаласы дамудың орнына кері кетті. Қалада ауызсудың сапасы өте төмен. Бұған тұрғын үйлердің 33 пайызының апатты жағдайда тұрғанын және автокөлік жолдарының тозығы жеткенін қосыңыз. Қыруар қаржы керек-ақ. Алайда қазына кілтін ұстағандардың ойы басқа болып шықты. Бәлкім, бұл дұрыс та шығар. Өйткені бөлінген қаржы жыл соңына дейін толық игерілуі тиіс. Ал 2022 жылдың бітуіне аз қалды. Яғни жоспарланған жұмыстардың толық аяқтала қоюы екіталай. Сондықтан биылша ұлытаулықтар 35 млрд теңге сомасындағы қаражатты қанағат тұтады. Әрі екі облыстың еншісі толық бөлінген жоқ. Бұл жөнінде арнайы комиссия құрылып, жұмыс істейді.

– Материалдық-техникалық базаны бөлу жөнінде комиссия құрылды, оған Ұлытау және Қарағанды облысының өкілдері кірді. Комиссия өз жұмысын жүргізуде, техниканы бөлу қолданыстағы қажеттілік нормативтеріне сәйкес іске асырылады, – дейді Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қызметінің бас маманы Нұржан Сұршаұлы.

Қарағанды қазынасы азайды

Иә, Ұлытау бөлек облыс болып енші алған соң, кенді аймақ Қарағанды облысының қазынасы айтарлықтай азаяды. Бұған дейін облыс әкімі Жеңіс Қасымбек аймақ бюджеті 25 пайызға дейін азаюы мүмкін екенін болжаған еді. Өйткені бұрынғы алып облыс тұрғындарының шамамен 20 пайызы Ұлытауға кетті. Сәйкесінше қазынадағы қаражаттың да бір бөлігі жаңа облысқа берілуі тиіс болған. Бұған қоса елдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі «Қазақмыс» корпорациясы қайта тіркеуден өтіп, бас кеңселерін Жезқазған қаласына ауыстырды. Orda.kz ақпарат агенттігінің ресми сауалына Мемлекеттік кірістер комитеті берген жауапта былтыр Қарағанды облысының қазынасына түскен салықтың 5,1%-ы «Қазақмысқа» тиесілі болған. Яғни олар бюджетке шамамен 12 миллиард теңгеден астам қаржы құйған еді. Енді олардың бас кеңсесі Жезқазған қаласына көшірілгендіктен, салықтан түсетін қаражат та тіркеу орнына сай төленіп, республикалық қазынаға түседі.

Түйін

Бір ай – тым аз уақыт. Әйтсе де қазірдің өзінде маңызды бастамалар қолға алынып, ауқымды жұмыстар басталып та кетті. Орталықтан шалғайда жатқан өңірлерді бөлек облыс қылып қайта құру шешімінің дұрыс не бұрыстығын уақыт өзі көрсетер. Әйтсе де дәл қазір бұл шешімді жергілікті халық қуана қабылдап, жаңа облыстарын дамытуға ықыласпен ден қойды. Демек, күтілген нәтиже де жақында жеміс берері анық.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»