Жаңа нысандар
Тағы үш ауданда жаңа медициналық нысандар пайда болады. Қарағанды облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» республикалық жобасы аясында 92 нысанды тұрғызу жұмысы жүргізілуде. 14 ғимарат өткен жылы қолданысқа берілді. Ал биылғы жылы Қарқаралы, Шет және Бұқар жырау өңірінде тағы 27 нысанның құрылысы басталды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы ауылдық елдімекендерді бекітілген нормативтерге сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен қамтамасыз етуге негізделген. Осы мақсатта Қарағанды облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында үш жылда 92 нысан тұрғызу жоспарланған. Атап өтсек, 47 медициналық пункт, 34 фельдшерлік акушерлік пункт және 11 дәрігерлік амбулатория. Былтырғы жылы өңірімізге қарасты елдімекендерде 14 нысан қолданысқа берілді. Биылғы жылы 78 медициналық мекеме салынуы тиіс, дейді денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
– Биылғы жылы құрылысы жүргізілуі тиіс 78 нысанның бұл күнде 27 нысан бойынша құрылыс жұмыстары басталды. Қалған нысандар бойынша конкурстық үдерістер жүргізілуде. Аталмыш жұмыс, тұрақты бақылауымызда. Біздің барлық елдімекенде медициналық мекемелер салу жұмысы қолға алынды, – деп атап өтті Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова.
Ауылдарда денсаулық саласын жаңғыртуға жобасының екінші міндеті – ауыл тұрғындарына уақтылы шұғыл медициналық көмек көрсету. Осы орайда, Теміртау мен Балқашта жаңғыртылған ауданаралық ауруханалар қолданысқа беріледі. Ол ауруханаларда инсульттық орталықтар, перинаталдық орталықтар, травмотология, хирургия бөлімшелері орналасып онда заманауи зерттеу құрылғы аппараттары да қолжетімді болады. Ауылдық медицина нысандарына кадр мамандарымен қамтамасыз ету, дәрігерлерді ауылдық жерлерге тарту үшін Қарағанды облысында көтерме жәрдемақы көлемі ұлғайтылды. Сондай-ақ қызметтік тұрғын үй бөлінеді. Мәселен, Теміртауда дәрігер тапшылығы мәселесін шешу үшін 35 пәтер беріледі. Балқашта дәрігерлер үйі ретінде бір ғимаратты қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Алқалы жиын барысында облыс әкімі әлеуметтік желіде Бұқар жырау ауданындағы медициналық мекеме құрылысы жайында туындаған мәселе турасында құрылыс басқармасына сауал жолдады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев медициналық мекемелерді тұрғызғанда ең алдымен жұмыс сапасын қатаң қадағалауды тапсырды. Бұған басқарма басшылары мен қала аудан әкімдері тікелей жауапты. Аймақ басшысы ұлттық жобаны уақтылы іске асыру жөнінде де жауапты шенеуніктерге міндеттемелер жүктеді.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»