Жаңа мектептер салынады

Қарағанды қаласында 2023-2025 жылдары бірнеше жаңа мектеп ашу жоспарлануда. Қалалық білім бөлімінің хабарлауынша, алдағы уақытта Күнгей, Кең дала, М.Мамыраев, Көгілдір тоғандар, Гүлдер және Пришахтинск аумағында бірнеше жаңа мектеп ашу жоспарланған. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.

Даудың басы қаладағы білім ошақтарындағы орын тапшылығы мен жүктеменің тым жоғары болуынан шыққан. Мәселен, Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-лицей әлеуметтік желіде көпшіліктің сынына қалған еді. Өйткені мектепте білім алып жүрген оқушылардың саны оның жоспарлы жүктемесінен айтарлықтай көп. Оның үстіне, жыл сайын мұнда 300-ге тарта бірінші сынып оқушысы қабылданады екен. Бұл – жағдайдың ушығуына айтарлықтай себеп болып отыр.

– Құжат тапсыратын оқушылар саны көп. Әйтсе де мектеп талап білдірген балаларды орын тапшылығын сылтауратып кері қайтара алмайды. Қолданыстағы заң талабы бойынша, мектеп өзіне тиесілі аумақтағы кәмелет жасына толмаған оқушыларды тегін біліммен қамтамасыз етуге міндетті. Сондықтан бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – жаңа мектептер салу, – дейді Қалалық білім бөлімінің мамандары.

Айта кету керек, қазіргі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған. Бұл жоба аясында заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, оқушыларға сапалы білім беруге қажетті жағдай жасалған білім ошақтары салынуы тиіс.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ

«QH»