Жаңа мектеп бой көтерді

Қарағанды қаласының 11а ықшамауданында қазақ тілінде білім беретін су жаңа мектеп есігін ашты. Мерекелік жиынға қатысқан Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов білім ордасының оқушылары мен ұстаздарына сәттілік тіледі.

SONY DSC

– Ел Президентінің қолдауымен өткен 3 жылда осындай жаңа 8 мектеп бой көтерсе, алдағы 3 жылға тағы да 15 мектептің құрылысы жоспарланған. Құрметті ұстаздар, қымбатты балалар, бүгін ашылып жатқан жаңа мектеп құтты болсын! – деді облыс әкімінің орынбасары.

600 орындық заманауи мектеп ата-аналардың көңілінен шықты.

– Бірнеше жылға созылған құрылыстың сапалы өтуін назарда ұстадық, – дейді «Amanat» партиясының өңірлік филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков.

№14 мектеп-гимназияда 723 бала білім алуда. Оның 107-сі – бірінші сынып оқушысы. Мектеп соңғы технологиялармен жабдықталған, әдемі, биік, жарық. Қонақтар Hi-tech, Арт-студио, үлкен спортзал және денсаулыққа пайдалы өнімдер ұсынатын асхана сынды мектептің маңызды бөліктерімен танысып шықты.

– Төрт бірдей бірінші сынып құрылды, онда 107 бала оқиды. Оныншы сыныптардың біреуі гуманитарлық, екіншісі жаратылыстану-математикалық бағытпен оқиды. №95 мектептен педагогтер шақырылды. Сондай-ақ конкурс арқылы қажет мамандарды жинадық, – дейді №14 мектеп-гимназия директорының міндетін атқарушы Өрікбай Аринов.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА