Жаңа маусымның соңғы жиыны
Қарағандылық Шахтер жаңа маусым алдындағы дайындықтың соңғы кезеңіне кірісті. Команданың қорытынды оқу-жаттығу жиыны Астана қаласында өтіп жатыр. Жаттығу жұмыстары 23 наурызға дейін жалғасады.
Клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі аптаға жоспарланған бұл жиын барысында жаттықтырушылар штабы ойыншылардың физикалық дайындығын арттыруға және тактикалық тапсырмаларды пысықтауға ерекше көңіл бөліп отыр.
Жаттығу бағдарламасы футболшылардың төзімділігі мен күш-қуатын арттыруға, алаңдағы шешім қабылдау жылдамдығын жақсартуға және командалық үйлесімділікті нығайтуға бағытталған. Сондай-ақ, осы кезеңде жаттықтырушылар құрамы әр ойыншының мүмкіндігін бағалап, ресми маусым басталар алдында негізгі құрамды анықтауға мүмкіндік алады. Айта кетейік, бұған дейін команда маусымаралық дайындық аясында Түркия елінде үш оқу-жаттығу жиынын өткізген болатын. Бұл жиындарда футболшылар физикалық және тактикалық тұрғыда шыңдалып, бірнеше бақылау матчтарын өткізді.
Клубтың спорт директоры Арсен Іңкәрбеков академияны дамыту және жас ойыншыларды даярлау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін клуб селекциялық жұмыстарды күшейтіп отыр.
– Жақсы нәтиже көрсету үшін тек Қарағандыдан ғана емес, бүкіл ел бойынша мықты ойыншыларды іздеу маңызды. Бұл бағыттағы жұмыс өткен жылдың қараша айынан бастап жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда талантты жас футболшыларды клубқа шақырып жатырмыз. Олардың жаттығу жасап, тұруына барлық жағдай жасалуы үшін клуб базасы жөндеуден өтті. Шақырылған ойыншылар сол жерде тұрады. Біздің мақсатымыз ең үздік футболшыларды жинап, клуб ішінде біртұтас дайындық жүйесін қалыптастыру, – деді Арсен Іңкәрбеков клубтың ресми сайтына берген сұхбатында.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

