Жаңа мамандық
Бұрынғы жұмыссыздар ендігіде Қарағанды облысының су айдындарында жасақшы болып жұмысқа тартылды. Олар суда құтқару дағдыларын үйреніп, қазір құтқарушыларға қолқабыс етуде.
Данияр Ақылбек спорт шеберіне кандидат және кезінде жүзуден жаттықтырушы болып қызмет атқарған. Ал қазір жағалауда қоғамдық құтқарушы болып жұмыс істейді. Тіпті осы мерзім арасында адам құтқарып та үлгерген.
– 2 күн бұрын бір оқиға орын алды. Қарасам, бір қыз суға батып барады екен. Негізі суға кеткен адам ешқандай дыбыс шығарып айқайлай алмайды. Сол себепті көрген бетте суға секірдім. Жағажайға алып шығып, алғашқы көмек көрсеттім. Бір жанды құтқару дегенді сөзбен айтып жеткізу қиын, – дейді Данияр Ақылбек.
Еңбек етуге құштар жандарды арнайы орталық арқылы жұмысқа алған. Олар 2 апталық курстың көмегімен алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйреніп, қызметке кірісе алады.
– Еңбекші жандар кезекшілікке шыққанда жұмысымыз жеңілдейді. Олар алғашқы медициналық көмек көрсетуді жақсы біледі. Соның арқасында біз де қиналмаймыз. Десе де, ылғи кезекшілікте жүреміз, – деп тоқталып өтті Қарағанды ТЖБ қызметкері Сұлтан Зейнуллин.
Сондай-ақ еңбекшілер профилактикалық рейдтер мен патрульдеу кезінде төтенше жағдай қызметкерлеріне көмектеседі. Жағажайда ішімдік ішетіндер әлі де көп. Маусым басынан бері мұндай азаматтарға жалпы сомасы 3 миллион теңге айыппұл салынды.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»