Жаңа мүмкіндіктер

Соңғы екі жылда Қарағанды қаласында үш бірдей жылу жүйесінің сорғы станциясы іске қосылған. Аталмыш нысандар жылумен қамтудың сапасын арттырып қана қоймай, жаңа ғимараттар мен әлеуметтік мекемелерді орталықтандырылған жүйеге қосуға мүмкіндік береді.

Құбырды жылу жүйесінің қан тамыры десек, сорғы станцияларын жүрегі деп атауға болады, өйткені, аталмыш нысандарсыз, жылу мен ыстық су пәтерлерге жетпес еді. Бүгінде Қарағанды қаласында «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС қарамағына енетін 63 сорғы станциясы жұмыс істеп тұр. Қарағанды қаласы әкімдігінің тапсырысымен өткен жылы Майқұдық және Оңтүстік-Шығыс аудандарында, биыл Пришахтинск елдімекенінде жаңа үш сорғы станциясы пайдалануға берілді. Бұл станциялар заманауи құрал жабдықпен жабдықталған, қашықтықтан басқару мүмкіндігіне де ие, бұл нысан жылумен қамтудың сапасын арттырып қана қоймай, қызметкерлердің де жұмысын жеңілдетті, дейді сала мамандары.

– №26 сорғы станциясының құрылысы 2022 жылы басталды, бір жылдан соң қолданысқа берілді. Бұл станция алдындағыға қарағанда заманауи, соның арқасында бірнеше әлеуметтік нысанды жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік туды, ең негізгісі, біздің басты мақсатымыз жылумен қамтамасыз етудің сапасы артты. Мұнда үш сорғы агрегаты тұр, – дейді «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС эксплуатациялық ауданының басшысы Андрей Мурашко.

Ал Пришахтинск елдімекеніндегі сорғы станциясын тұрғындар тағатсыздана күтті, себебі, аталмыш нысан бұл ауданның бір бөлігіне қызмет көрсетіп қана қоймай Шахтер кентін орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік берді. Бүгінде станция өз жұмысын бастаған.

– Соңғы екі жылда Қарағанды қаласында үш бірдей сорғы станциясы іске қосылды, бұл Майқұдықта, Пришахтинскте және Оңтүстік-Шығыс ауданында. Бұл сорғы станциялары халықты жылумен қамтамасыз ету сапасын едәуір арттырады, мұнда жаңа технологиялар қолданылған, – дейді «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Аян Шәкен.

Аталмыш үш нысанның да жұмысы толығымен автоматтандырылған, сондықтан басқа станцияларға қарағанда заманауи. Сорғы станцияларының ғимараттары да жаңадан салынған, мұндағы қызметкерлердің де жұмыс жүргізуіне барлық жағдай жасалған.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,                                  

«QH»