Жаңа лауазымға – алғашқы тағайындау

31 тамызда Құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар жоғары мемлекеттік лауазымдарға кандидаттарды бекітуді ұсынды. Депутаттар жаңа Конституцияда қарастырылған Вице-президент қызметіне Ерлан Кариннің кандидатурасын қолдады.

Ерлан Каринді Вице-президент қызметіне 145 депутаттың 141-і мақұлдады. Бұл – жаңа Конституция негізінде аталған лауазымға жасалған алғашқы тағайындау. Бұған дейін Ерлан Карин Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған. Әр жылдары Мемлекет басшысының кеңесшісі және көмекшісі, Мемлекеттік хатшы, Мемлекеттік кеңесші сияқты жауапты қызметтерде еңбек етті.

Ал Олжас Бектенов Премьер-министр қызметін жалғастырады. Оның кандидатурасын Құрылтайдың 137 депутаты қолдады. Ол Үкіметті 2024 жылдың ақпанынан бері басқарып келеді.

Парламенттің жаңа құрамы сайланғаннан кейін Үкімет өз өкілеттігін тапсырған болатын. Осыған байланысты Президент Премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын қайта ұсынды. Мемлекет басшысы оның Үкімет басшысы ретіндегі жұмысын оң бағалап, депутаттарды кандидатураны қолдауға шақырды.

Бекіту рәсімі аяқталған соң Президент Ерлан Каринді Вице-президент, ал Олжас Бектеновті Премьер-министр қызметіне тағайындау туралы тиісті Жарлықтарға қол қойды.

Фото: akorda.kz

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»