Жаңа Конституция – дамудың жаңа мүмкіндіктері

20 қаңтар күні Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауқымды парламенттік реформаның басталғанын жариялады. Реформа екі палаталы жүйеден бір палаталы Парламентке көшу және саяси партиялардың рөлін күшейтуді көздейді. Бұл бастама Әділетті Қазақстанды құру және елдің саяси жүйесін жаңғырту бағытының заңды жалғасы болды.
Осы бастаманы дамыту мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 21 қаңтардағы Жарлығымен Конституциялық реформа бойынша ұсыныстар әзірлейтін консультативтік-кеңесші орган – Конституциялық комиссия құрылды. Комиссия құрамына әртүрлі саланың шамамен 130 өкілі кірді: мемлекеттік қайраткерлер, сарапшылар, ғалымдар және азаматтық қоғам өкілдері. Қарағанды облысынан комиссия құрамына облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Сайфиддинұлы Қобжанов, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Орынбасарұлы Дулатбеков және «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Комарұлы Алтынбеков енді.
Комиссия жұмысының толық ашықтық жағдайында өткені аса маңызды. Отырыстар Конституциялық соттың ресми сайтында және әлеуметтік желідегі парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді. Сонымен қатар «Конституциялық реформа – 2026» атты арнайы Telegram-арнасы құрылды.
Комиссия қызметі туралы ақпарат баршаға қолжетімді болды. Әрбір азамат талқылаулар барысын қадағалап, жаңа Негізгі заңды қалыптастыру үдерісіне қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Комиссия жұмысы барысында Конституцияның 77 бабына өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар жан-жақты қаралды. Бұл – қолданыстағы мәтіннің 84 пайызына жуық бөлігі. Негізінде, Қазақстан Республикасының Конституциясын жаңа редакцияда әзірлеу мәселесі көтерілді. Осыған байланысты Комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасын дайындау туралы бастаманы қолдады.
Жоба кіріспеден (Преамбула), 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Сондай-ақ «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім қарастырылған.
Құжатта мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығының мызғымастығы бекітілген. Адам құқықтары мен бостандықтары ел тарихында алғаш рет мемлекеттік саясаттың ең жоғары басымдығы ретінде айқындалды. Преамбулада қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасу жолы мен қазақ жерінің өркениеттік бастаулары көрініс тапқан.
Жаңартылған Конституция ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайды: білім мен ғылым, мәдениет пен инновациялар, цифрландыру және цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғау. Мемлекет пен дін арасындағы қатынастар нақты ажыратылып, білім берудің зайырлы сипаты расталды. Неке ерікті әрі тең құқықты ер мен әйелдің одағы ретінде бекітілді.
Негізгі жаңашылдықтардың қатарында бір палаталы Парламент – Құрылтайды құру, Халық кеңесін қалыптастыру, сондай-ақ қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау үшін Вице-президент институтын енгізу бар. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуын кеңейтуге және қоғамдық диалогты нығайтуға бағытталған.
Жаңа Конституция жобасы Қазақстанның заманауи мемлекеттік құрылымы мен ұлттық бірегейлігін айқын көрсетеді. Бұл – болашақтағы ауқымды өзгерістердің берік негізі. Аталған реформалар әрбір азаматтың, әрбір елді мекен мен өңірдің өміріне тікелей әсер етеді.
Абай аудандық мәслихатының төрағасы ретінде депутаттарға ерекше жауапкершілік жүктелетінін жақсы түсінемін. Біздің міндетіміз – реформаларды жүзеге асыруға қатысып қана қоймай, олардың мәні мен маңызын халыққа түсінікті әрі қолжетімді тілде жеткізу. Аудандық мәслихат депутаттары ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына белсенді түрде атсалысады. Әрбір аудан тұрғыны ұсынылып отырған өзгерістердің қандай мүмкіндіктер ашатынын және олардың іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынын білуі маңызды.
Тек ашық диалог, өзара сенім және бірлескен жұмыс арқылы ғана конституциялық реформаларды ел дамуы мен азаматтардың өмір сапасын арттырудың тиімді құралына айналдыра аламыз.

Данияр СӘКЕНОВ,
Абай аудандық мәслихатының төрағасы