Жаңа есімдер анықталды

Балалар жылы аясында Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жаңа есімдер – 2022» байқауы ұйымдастырылды. Байқау аясында қаланың дамуына өз мамандықтарына деген адалдығымен, білім саласындағы жетістігімен және балаларға деген сүйіспеншілігімен үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Бұл байқау биыл 15-мәрте ұйымдастырылып отыр. Дәстүрге айналған шара осы уақытқа дейін адал еңбегімен көзге түскен азаматтарды ұлықтап келген болатын. Осы уақытқа дейін бес жүзден астам азамат марапатталыпты. Биыл ұйымдастырушылар басты назарды балалар тақырыбына арнаған екен.

«Жаңа есімдер – 2022» байқауы биыл 5 номинация бойынша өтті. Атап айтқанда, қатысушылар «Білім – болашаққа», «Мамандыққа адалдық», «Мейірімді жүрек», «Жастар шығармашылығы», «Алтын қалам» номинациялары бойынша сынға түсті. Жеңімпаздар онлайн дауыс беру нәтижесінде анықталған. Ал дауыс беруге он мыңнан астам азамат қатысқан екен. Мұның өзі байқаудың жалпыхалықтық сипатқа ие болғанын аңғартса керек.

– Менің балабақшада жұмыс істеп жүргеніме 15 жылдан асып кетті. Түрлі кәсіби байқауға қатысып бақ сынағанды жақсы көремін. Өз жұмыс өтілімде түрлі қызмет атқардым. Басшылық лауазымда болып көрдім. Бірақ бәрібір балалармен жұмыс істегендей болмайды ғой. Сондықтан тәрбиешілік жұмысқа өзім сұранып қайта келгенмін. Жаз маусымының соңына қарай осы байқауға қатысу туралы ұсыныс түсті. Құжаттарымды жинап өткіздім. Кейін онлайн дауыс беру басталған тұста таныстарым, өзім тәрбиелейтін балалардың ата-аналары жаппай қолдау көрсетіп, ең көп дауыс жинап берді. Мұның өзі – мен үшін мәртебе. Істеп жатқан жұмысыма ата-аналардың берген бағасы деп білемін, – дейді «Мамандыққа адалдық» номинациясының иегері, «Алмагүл» балабақшасының тәрбиешісі Ирина Магина.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қаламыздың қоғам қайраткерлері қатысты.

Байқау жеңімпаздары мен лауреаттары «Білім – болашаққа», «Мамандыққа адалдық», «Мейірімді жүрек», «Жастар шығармашылығы», «Алтын қалам» номинациялары аясында диплом, грамота және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Байқауға қатысушыларға табыс пен шығармашылық, өркендеу тілейміз!