Жаңа емхана бой көтерді
Облыс орталығындағы Оңтүстік-Шығыс ауданында тағы бір емхана келушілерді қабылдауға дайын. Аудан тұрғындарына бұрыннан таныс «Береке» сауда үйінің орнында ашылған №15 емхана келер жылдың басында жұмыс істей бастайды.
Емдеу мекемесі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылды. Медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру арқылы емханалардағы жүктеме азайып, дәрігерге кіру кезегі азаятын болады. Мәселен, жаңа емхана 30 мың тұрғынды қабылдай алады.
– Аудан кеңейіп, жаңа тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жас отбасылар да көп, – дейді №15 емхананың директоры Роза Разиева. Директордың айтуынша, қазір халықты тіркеу науқаны жүріп жатыр.
Емханада күндізгі стационар, амбулаториялық хирургия орталығы, педиатрия бөлімшесі және әйелдер денсаулығы орталығы жұмыс істейтін болады. Оның ішінде, әйелдер денсаулығы орталығы қаладағы емханалардың біразында жоқ. Онда отбасын жоспарлау кабинеті мен жүкті әйелдерге арналған мектеп ашылмақ.
Ауруды ертерек анықтау үшін МРТ, КТ, рентген, маммограф, флюорограф, бес ультрадыбыстық аппарат қойылған. Барлығы да жаңа, заманауи. Сондай-ақ, медициналық мекемеде кардиологиялық, неврологиялық және травматологиялық аурулары бар балалар мен ересектерді кешенді оңалту мүмкіндігі болады.
Сонымен қатар, науқастар жаттығу терапиясы, физиотерапия, массаж, су терапиясын да ала алады. Оның барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясында көрсетілімдері бойынша тегін жасалады.
Степной-2 ықшам ауданындағы №15 емханада жаңа мекеменің филиалы ретінде жұмысын жалғастыра береді.