Жаңа экобақ – қаланың жасыл болашағы
Қала келбетін көркейтіп, экологиялық жағдайды жақсартудың ең тиімді жолдарының бірі – жасыл желекті көбейту. Ағаш пен саябақ тек қоршаған ортаны жақсартып қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, болашақ ұрпақ үшін қолайлы орта қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда Қарағандыда қолға алынған жаңа экобақ жобасының маңызы ерекше.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қарағанды қаласында ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, жаңа экобақтың аумағына мыңдаған көшет отырғызылды. Болашақ саябақ «Көгілдір тоғандар» тұрғын үй кешені мен Оңтүстік-Шығыс ауданын жалғайтын аумақта орналасқан.
Бұл күні облыстың барлық өңірлерінен келген жүздеген белсенді жаңа жасыл аймақты қалыптастыруға өз үлестерін қосты. Акция барысында 2500-ден астам көшет отырғызылып, саябақтағы ағаштардың жалпы саны төрт мыңнан асты.
Жаңадан бой көтеріп жатқан экобақ – жай ғана көгалдандыру жобасы емес. Бұл – қарқынды дамып келе жатқан қаланың экологиялық тепе-теңдігін сақтауға бағытталған маңызды бастама. Алдағы жылдары бүгінгі жас көшеттер жайқалған орманға айналып, тұрғындардың сүйікті демалыс орны болмақ.
Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Игорь Жабяк бұл бастаманың тарихи маңызын атап өтті.
– Бұл – болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан үлкен іс. Бірнеше жылдан кейін дәл осы жерде әсем экосаябақ пайда болады. Осындай маңызды жобаның бір бөлшегі болып, өз қолыңмен ағаш отырғызу – әр азамат үшін үлкен мәртебе, – деді ол.
Экобақ құру жұмысына Балқаш қаласынан келген белсенділер де атсалысты. Олар Қарағандыға арнайы жүз түп қарағаш көшетін әкеліп, жаңа саябақ аумағында Балқаш аллеясының негізін қалады. Бұл бастама өңір тұрғындарының табиғатты қорғау ісіне бейжай қарамайтынын көрсетті.
Шараға қатысқан жастардың белсенділігі ерекше байқалды. Солардың бірі – Абай ауданынан келген жас ерікті Марат Яндимиров.
– Экология мәселесін сырттан бақылап, сынай бергеннен ештеңе өзгермейді. Табиғатты қорғау нақты әрекеттен басталады. Бүгін ағаш отырғызу арқылы туған жеріміздің болашағына өз үлесімізді қосып жатырмыз, – дейді ол.
Мамандардың айтуынша, экологиялық мәдениет дәл осындай қарапайым, бірақ маңызды істер арқылы қалыптасады. Ағаш отырғызу – табиғатты қорғаудың нақты көрінісі. Әсіресе жастардың мұндай бастамаларға белсенді қатысуы қоғамда жауапкершілік мәдениетінің қалыптасуына ықпал етеді.
Акцияға қатысқан Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та көшет отырғызып, қоршаған ортаны қорғау – баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
– Қазақ халқы ежелден асар арқылы үлкен істерді бірге атқарған. Бүгінгі шара да сол игі дәстүрдің жалғасы. Бұл тек ағаш отырғызу ғана емес, туған жерге деген жанашырлықтың, қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің белгісі, – деді өңір басшысы.
Экологтардың пікірінше, жаңа саябақ қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға елеулі үлес қосады. Жасыл желек ауаның сапасын арттырып, шаң-тозаң көлемін азайтады, жазғы аптап ыстықтың әсерін төмендетеді. Сонымен қатар тұрғындар үшін қолайлы демалыс аймағы қалыптасады.
Жас көшеттердің тамыр жаюына ерекше көңіл бөлінуде. Мамандардың айтуынша, алғашқы екі жыл бойы ағаштарға тамшылатып суару жүйесі арқылы тұрақты күтім жасалады. Суару әр үш күн сайын жүргізіліп, көшеттердің жерсінуіне барлық жағдай қарастырылған.
«Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыру ғана емес, жасыл желекті көбейту арқылы қалалардың экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету. Қарағандыдағы жаңа экобақ осы бастаманың нақты нәтижесіне айналып отыр.
Бүгін егілген әр көшет – ертеңгі саялы ағаш. Ал мыңдаған ағаштан құралған жаңа экобақ – Қарағандының жасыл болашағына салынған инвестиция. Сондықтан мұндай жобалардың маңызы тек бүгінгі күнмен өлшенбейді. Олар келешек ұрпаққа таза ауа, көрікті қала және жайлы өмір сыйлайтын игі бастама болып қала береді.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

