Жаңа даму жоспары әзірленді
Қарағанды әуежайында ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды. Нысанның алдағы 25 жылдық дамуына арналған мастер-жоспар халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленді. Жоба аясындағы негізгі мақсат – мультимодальды әуе хабын қалыптастыру және оның негізінде ірі жүк логистикалық экожүйесі саналатын QarGoCity жобасын іске асыру. Бұл бастамаға мемлекет пен жергілікті билік тарапынан қолдау көрсетілуде.
Әуежай аумағында логистика, қайта өңдеу және жүк тасымалдарын дамытуға бағытталған арнайы субаймақ құру жоспары қарастырылуда. Инвесторларды тарту мен жаңа өндірістерді іске қосуға негіз болатын жеті негізгі басымдық белгіленді. Сонымен қатар, әуежайға тікелей теміржол желісін жүргізу мүмкіндігі де зерделеніп жатыр.
– Мемлекет басшысы елдің транзиттік мүмкіндіктерін кеңейту, экономиканы әртараптандыру және жаңа өсім нүктелерін қалыптастырудың стратегиялық маңызын бірнеше мәрте атап өткен. Өңіріміз үшін осындай негізгі қозғаушы күш Сары-Арқа әуежайы болуға тиіс. Бұл нысан халықаралық жүк әуе тасымалдарын дамытуға кең мүмкіндік береді. Мұнда елдегі аумағы бойынша екінші ірі карго терминал жұмыс істейді, сондай-ақ Латын Америкасы, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия бағыттарына жүк тасымалы жолға қойылған. Алдағы міндет – қолданыстағы инфрақұрылымды жетілдіре отырып, оны халықаралық деңгейдегі мультимодальды әуе хабына айналдыру, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
«Сары-Арқа әуежайы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Ерлан Оспановтың айтуынша, жоба енді жоспарлау кезеңінен шығып, нақты іске асыру сатысына өткен. Қарағанды өңірінде шамамен 600 гектар аумақты қамтитын жаңа карго-аймақ бой көтеруде. Сонымен қатар аэродром инфрақұрылымы жаңартылып, ірі жүк ұшақтарын қабылдауға лайықталған арнайы алаңдар әзірленіп жатыр. Әуежай алдағы уақытта елімізде екі түрлі авиаотын түрін ұсынатын сирек нысандардың қатарына қосылмақ. Басқарушы серіктес Франц Ван Гессеннің пікірінше, келесі онжылдықта жүк тасымалының көлемі жылына 1 миллион тоннаға дейін жетуі ықтимал.
Қарағанды ірі жүк хабын дамытуға қолайлы алғышарттарға ие. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы, жеткілікті жер қорының болуы, әуе кеңістігінің салыстырмалы түрде бос болуы, сондай-ақ жолаушылар ағынымен қатар келмей, арнайы жүк инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік бар. Осыны ескере отырып, әуежай мен оған жақын аумақтарды дамытудың кешенді мастер-жоспары әзірленді. Бұл бастама тек әуежайды ұлғайтуға бағытталмаған, сонымен бірге QarGoCity логистикалық және индустриялық экожүйесін қалыптастырудың негізін қалайды. Нәтижесінде Қарағанды Еуразия кеңістігіндегі маңызды логистикалық орталықтардың біріне айналу әлеуетіне ие, – деді Франц Ван Гессе.
Жүк тасымалының көрсеткіштері айтарлықтай өсіп келеді. Бұрын Қарағанды арқылы жылына шамамен 15 мың тонна жүк өтсе, биыл бұл көлемді 100 мың тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

