Жаңа дәуір жастары

Қарағандыда жастардың жасанды интеллект пен цифрлық мәдениетке деген қызығушылығын арттыру мақсатында SARYARQALAB: AQYL.DAMU.QADAM атты форум ұйымдастырылды. Іс-шараға облыс орталығымен қатар, Приозерск, Саран, Теміртау және Шахтинск қалаларынан келген 600-ден астам белсенді жас қатысты.

Форумның негізгі мақсаты жаңа технологияларды меңгерген, жаңашыл ойлайтын жастардың басын қосып, олардың идеяларын қолдау. Жастар түрлі шеберлік сағаттары мен пікірталастарға қатысып, жасанды интеллекттің қоғамдағы рөлі мен болашағы жайлы ой бөлісті.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жастарға арнаған сөзінде ел дамуының кілті – білім мен технология екенін атап өтті.

– Бүгінгі жастар – ертеңгі елдің интеллектуалды капиталы. Біз жасанды интеллект пен цифрлық салада алға шыққымыз келсе, жастардың идеясын, білімін және шығармашылығын қолдауымыз керек, – деді өңір басшысы.

Форумда жас мамандар мен сарапшылар да сөз алып, өз тәжірибелерімен бөлісті. Жасанды интеллект маманы Есқали Қыдырмолданов ЖИ-дің адам еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, жаңа мамандықтар мен шығармашылық бағыттардың дамуына жол ашатынын айтты. Ал педагог-зерттеуші Жәнібек Жартай білім беру саласындағы цифрлық шешімдердің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, әлемдік жоғары оқу орындарының басым бөлігі оқыту үдерісіне жасанды интеллект жүйелерін енгізіп үлгерген.

Форум барысында экологиялық мәдениет те назардан тыс қалған жоқ. «Таза Қазақстан» жобасы аясында жастар табиғатты қорғау мен экологиялық жауапкершілік тақырыптарын талқылады.

Іс-шара соңында өңірдің белсенді жастары марапатталып, олардың жаңа бастамаларына қолдау көрсетілетіні айтылды. Форум Қарағанды жастарының жаңашылдыққа ұмтылысы мен елдің цифрлық болашағын қалыптастыру жолындағы алғашқы қадамы ретінде бағаланды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»